Наурызда ең жоғары жалақы кімдерге ұсынылды?
2026 жылдың наурыз айында Enbek.kz электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер 102,6 мың бос жұмыс орнын жарияласа, үміткерлер 107,1 мың түйіндеме орналастырған, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Ақпанмен салыстырғанда вакансиялар саны 3,7%-ға артқан, ал түйіндемелер 14,3%-ға азайған. Нәтижесінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы айырмашылық айтарлықтай қысқарған: қаңтарда 60 мың, ақпанда 26 мың болса, наурызда 4,5 мыңға дейін төмендеген.
Ең жоғары жалақы ұсыныстары заң бөлімі басшысының орынбасарына (шамамен 1,4 млн теңге), бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторына (1,38 млн теңге) және тау-кен өндірісіндегі өндіріс басшысына (1,14 млн теңге) тиесілі болды.
Ал ең жоғары жалақы күтетіндер қатарында HR бизнес-серіктес (4,2 млн теңге), каротаж маманы (3 млн теңге) және өндірістік зертхана басшысы (2,5 млн теңге) бар.