Нұрай Серікбайды өлтіру ісі: Айыпталушының сотта жағдайы нашарлаған

21 шілде 2026 12:24 / Новости Казахстана

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаңтар айында көпшіліктің жағасын ұстатқан қанды оқиға бойынша сот процесі басталды. Сот алдында 21 жастағы Нұрай Серікбайды аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған 28 жастағы Шерхан Аймахан жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Arbat.Media.

Іске судья Саммиддин Темірәлиев төрағалық етуде. Жәбірленуші ретінде марқұмның әкесі Бауыржан Сағымбек танылған. Алайда алғашқы сот отырысы айыпталушының денсаулық жағдайына байланысты кейінге шегерілді.

Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға биылғы 11 қаңтар күні кешкі уақытта болған. Үйінен дүкенге шыққан Нұрайды күдікті жолда күтіп тұрған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол қызды күштеп ұстап алып, бірнеше жерінен пышақ жарақатын салған. Ауыр жарақат алған бойжеткен оқиға орнында көз жұмған. Қылмыстан кейін күдікті ізін жасырып кеткен.

Полиция күдіктіні екі күннен кейін қолға түсірді. Қазіргі таңда оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Аса қатыгездікпен адам өлтіру», «Сталкинг» және «Некеге тұруға мәжбүрлеу» баптары бойынша айып тағылған.

Бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, әйелдердің қауіпсіздігі, қудалау (сталкинг) және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін қайтадан күн тәртібіне шығарған болатын. Алдағы сот отырыстарында тараптардың уәждері тыңдалып, барлық дәлелдер жан-жақты зерттелмек.

Серіктес жаңалықтары