«Нұрай Шерханның үйіне өз еркімен келді»: қызметінен босатылған полицей жаңа деректерді айтты
Қызметінен босатылған полиция офицері Әбілғазы заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында оқиғаға қатысты өз нұсқасын баяндады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Оның айтуынша, Нұрайды алып кеткен күні ол Шерханның үйіне түскен шақырту бойынша барған. Қызды сол жерге әкелген, ал үйде жігіттің туыстары қарсы алған.
Әбілғазының сөзінше, ол кезде үйде тойға дайындық қызу жүріп жатқан.
«Мен қыз бен жігітті аудандық полиция бөліміне жеткіздім. Сол жерде екеуін бірге де, жеке-жеке де сұрастырдым. Екеуі де қыздың өз еркімен келгенін айтты. Кейін ол бұл сөзін мен түсірген видеода да растады», - деді полицей.
Бейнежазбада Нұрай 2025 жылдың 4 қазанында сағат 21:00-де шамамен үш айдай араласқан жігіті Шерханмен бірге Алматыдан Шымкентке жолға шыққанын айтады. Әбілғазы бұл видеоны Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне жариялауды ұсынғанын, алайда нақты себепсіз бас тарту алғанын жеткізді.
Оның айтуынша, ол ішкі істер органдарында тоғыз жыл қызмет еткен. Алайда қоғамдағы резонансқа байланысты өзін және бірнеше басшыны ІІМ бұйрығымен жұмыстан шығарған.