Онкоауруларға бөлген қаржы 20% қысқартылды, себебі ...
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі депутат Асхат Аймағамбеттің жазбасына жауап бере отырып, неліктен онкологиялық ауруларды емдеуге жұмсалатын қаржы 20% қысқартылғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов ведомствоның бұл шешімін сынап, жазба жариялаған еді, - деп жазады Kazinform агенттігі.
"Бюджеттен онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаражат денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен орта есеппен 20%-ға қысқартылды.Бұл құжат жеткілікті талқылаусыз, жабық форматта қабылданды. Өкінішке қарай, қажетті зерттеулер мен тиісті есептеулерсіз барлық клиникалық шығын тобы (КГЗ) бойынша онкологияны емдеу үшін бюджеттен бөлінетін қаражат қысқартылды.Бұл шешім қанша адам өмірі мен тағдырына әсер етеді? Бұл бұйрықтан кім зардап шегеді? Шенеуніктердің үстірт мәліметтерінен басқа қандай ғылыми негіз бар? Неліктен мұндай маңызды шешімдер жан-жақты зерттеусіз бір қаламның ұшымен қабылданады? Сұрақ өте көп" деп жазған еді депутат.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өз жауабында ведомство ағымдағы жылы медициналық ұйымдарда онкологиялық пациенттерге медициналық көмек көрсетуге талдау жүргізгенін және бірқатар заң бұзушылықтар анықталғанын мәлімдеген.
"Іріктеп тексерілген алты ұйымда медициналық көмек көрсетудің бекітілген стандарттары мен қағидаларының көптеген бұзушылықтары, сондай-ақ 18 млрд. теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің онкология орталықтары алған пайданың жалпы сомасы 31,8 млрд. теңгеден асты.Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тариф белгілеу туралы бұйрыққа сәйкес тарифтер пайда алуды, сондай-ақ негізгі құралдарды сатып алуға арналған шығыстарды көздемейді.Пайда алу үшін емдеуге жатқызу жағдайларын жасанды түрде бөлшектеу фактілері, есептен шығарылған және тағайындалған химиялық препараттардың сәйкес келмеуі, ұсынылған жағдайлардың емдеу стандарттарына сәйкес келмеуі және тарифтердің нақты шығындардан асып кетуі анықталды" делінген жауапта.
Министрліктің мәлімдеуінше, осылайша, қолданыстағы тарифтер мен төлем әдістері мемлекеттің ақшалай қаражатының медициналық ұйымдардың шоттарына заңсыз ағынына ықпал еткен.
"Анықталған бұзушылықтардың нәтижелері бойынша 6 бірінші басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылады, оның 2-еуі атқаратын лауазымдарынан босатуға ұсынылды. Тексеру материалдары құқықтық бағалау үшін құзыретті органдарға берілетін болады. Қазіргі уақытта әрбір мемлекеттік теңге барынша тиімді пайдаланылуы және барлық қаражат медициналық көмекке мұқтаж пациенттерге жетуі үшін нақты қадамдар жасалуда.Бюджет қаражатын орынсыз пайдалануға жол бермеу үшін шұғыл шара ретінде Денсаулық сақтау министрлігі алқа отырысы барысында онкологиялық қызметтің клиникалық-шығынды топтары бойынша базалық мөлшерлемені 20%-ға төмендету туралы шешім қабылдады.Сондай-ақ, тарифтерді неғұрлым нақты оңтайландырумен осы ұйымдардың қызметтеріне ақы төлеу тетігін қайта қарау жоспарлануда" деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, қаражаттың пайдаланылуын бақылау күшейтілетіні де айтылған.
"Медициналық ұйымдардың қаржылық қызметіне тұрақты мониторинг және аудит жүйесі енгізілді. Бұл бюджет қаражатын орынсыз пайдалану жағдайларын жедел анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы сала қаражатының орынды және тиімді пайдаланылуына бақылауды енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады және міндеттер орындалатын болады" деп түйінделген жазба.