Павлодар орталығында әйел 13 жастағы қызға шабуыл жасаған

14 шілде 2025 9:33 / Новости Казахстана

Павлодар орталығында белгісіз әйел 13 жастағы қызға шабуыл жасаған, деп хабарлайды Arbat.Media.

Оқиға қала көшелерінің бірінде, жұрттың көзінше болған. Алайда куә болғандардың ешқайсысы араша түспеген.

"Қызым құрбысымен бірге көшеде әңгімелесіп келе жатқан. Жолда бейтаныс әйелді көрген, бірақ мән бермей өте шыққан. Сол сәтте әлгі әйел кенет жүгіріп келіп, қызымның шашынан жұлып, басын қатты итерген. Салдарынан қызым шалқайып, тізерлеп құлап, жарақат алып, тізесін қанатып алған", – деді анасы.

Оқиға 11 шілдеде түстен кейін болған. Сол күні қыздың ата-анасы полицияға арыз жазған.

"Бізді бірден облыстық балалар ауруханасына жіберді, бірақ сот-медициналық сараптамадан өту керегін ешкім айтпады. Дәрігерлер тізедегі жарақатты және бастың көгерген жерін тіркеді. Қызым қатты күйзеліс алған. Үйге келген соң құсып, дене қызуы көтерілді. Жедел жәрдем шақырдық", – дейді анасы.

Оның айтуынша, қызы өте ашық, ешкіммен жанжалдаспайды.

"Шабуыл қала орталығында болды. Қарама-қарсы бетте полиция бекеті тұр. Бірақ балалар сасқалақтап, не істерін білмеген. Қызым айқайлап, жылаған, қасынан велосипедпен бір ер адам өтіп бара жатқанын көрген, басқа да ересектер болған, бірақ ешкім көмектеспеген", – деді ол.

Анасының айтуынша, полиция күдіктіні анықтап, қылмыстық іс қозғаған. Бұл ақпаратты Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сауле Шакенова да растады.

"Кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салған әйелдің жеке басы жедел анықталды. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деді Шакенова.

Серіктес жаңалықтары