Павлодарда баланың басынан 5 жыл бұрын кірген ағаш бұтағының қиындысы алынды
Павлодарда баланың басынан 5 жыл бұрын кірген ағаш бұтағының қиындысы алынды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Анасының айтуынша, бала 5 жаста болғанда бұтаққа құлап жарақат алған.
Аудандық ауруханада дәрігерлер жараны жуып тіккен. Алайда шамамен бір жыл ішінде жара қайта қабынған.
Дәрігерлердің араласуымен, денедегі жара жазылып, бала сауығып кеткендей болған.
«Алайда, соңғы 2-3 айда баланың жарақат алған самай тұсы қайта ісе бастаған. Оны қаладағы нейрохирург тексеріп, миды КТ-ға түсірген уақытта басында бөгде зат анықталды», - деп жазды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Балаға шұғыл ота жасалып, басындағы бұтақ қиындысы алынады.
Қазіргі кезде оның жағдайы тұрақты, өзін жақсы сезінеді және ауруханадан шығуға дайындалып жатыр, дейді дәрігерлер.