Президент бокстан Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

18 қыркүйек 2025 21:30 / Новости Казахстана

Президент Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін Әлем чемпионатындағы тамаша жеңісімен құттықтап, бұл еліміз үшін тарихи оқиға, халқымыз үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қазақстан 68 мемлекеттің арасынан үздік шығып, бірінші орынға ие болды. Әлемдік бәсекеде Әнұранымыз жеті рет шырқалды, Көк туымыз жеті рет желбіреді. Барша жұртымыз сіздерге тілеулес болды. Әрине, кілең мықтылар жиналған жаһандық аламанда топ жару оңай емес. Бұл жетістік жылдар бойғы табанды еңбекпен, маңдай термен келгені анық. Біздің ұл-қыздарымыз бокстың отанына барып, өздерінің нағыз мықты спортшы екенін дәлелдеді. Санжар Тәшкенбай және Махмұд Сабырхан әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбайдың ерекше өнеріне жаһан жұрты тәнті болды. Боксшы қыздарымыз әлемдік жарыста шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Наталья Богданова алтын медаль алып, жеңіс тұғырына көтерілді. Назым Қызайбай шаршы алаңға бірінші болып шығып, елімізге ақжолтай жүлде әкелді. Виктория Графеева және Елдана Тәліпова қола медаль жеңіп алды. Мен баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қайрат Сәтжанов, Елдос Сайдалин бастаған бапкерлерге және басқа да мамандарға зор алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті көп жұмыс атқарғанына тоқталып, Қазақстан Бокс федерациясының еңбегін ерекше атап өтті.

Біз үшін жекпе-жек спортының орны қашанда бөлек. Соның ішінде әйгілі Шоқыр Бөлтекұлы негізін қалаған қазақ боксының өз тарихы бар. Өткен ғасырдың ортасынан бері көптеген спортшымыз әлемді мойындатты. Тәуелсіздік кезеңінде аға буынның даңқты жолы үзілген жоқ. Жазғы олимпиада ойындарынан ел қоржынына түскен 15 алтынның жетеуі – боксшыларға тиесілі. Бұл сабақтастық болашақта лайықты жалғасын табады деп сенеміз. Оған барлық мүмкіндік бар, – деді Президент.

Серіктес жаңалықтары