Қарағандыда балалар арасында менингит өршіп барады

27 қараша 2024 12:00 / Новости Казахстана
ФОТО: Depositphotos

Қарағандыда 16 жастағы бозбала менингитпен жансақтау бөліміне түсті. Өңірде қауіпті кесел асқынып барады. Жыл басынан бері алты адамнан аталмыш ауру анықталған. Дені төрт жасқа дейінгі балалар, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Роза Бегайдарова, медицина ғылымдарының докторы:

— Балаларда қатты асқыну байқалмайды. Бірақ олар ұзақ уақыт емделіп, қайта қалыпқа келулері қиын болады. Өйткені бұл кесел миды зақымдайды. Ал мидың қалыпқа келуі ұзақ процесс. Менингит көбіне емделеді, бірақ кей жағдайда түрлі асқынуға алып келеді. Салдары ауыр болуы да мүмкін.

Соңғы жылдары өңірде ауырғандар саны саусақпен санарлық болған.

Қазір эпидемиологтар балалар арасында кеселдің қалай тарағанын зерттеуге кіріскен.

Науқастармен қарым-қатынаста болған 219 адамнан сынама алыныпты.

Дегенмен ешқайсында ауру анықталмаған. Кейбіреуінде инфекция симптомсыз өтуі де мүмкін.

Ауру төрт жасқа дейінгі балардан анықталған. Сондықтан қазір балабақшалар мен интернаттарға балаларды қабылдауда алдымен осы ауруға анализ тапсырылады.

Дәрігерлер үй жағдайында ем-дом жасауды қойып, міндетті түрде медициналық мекемеге бару керек екенін айтады. Менингиттің белгілері кәдімгі тұмауға ұқсас болғанымен, адамның денесі бөртіп кетеді.

Гүлжан Байғұтанова, Қарағанды облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары:

— Жарыққа шыққанда тітіркеніп, басы қатты ауырады. Атап өтетіні, басы қатты солқылдайды. Бала әлсіреп қалады. Қызуы көтеріліп, жиі құсуы мүмкін. Шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну керек. Өйткені аталған кеселді тек медициналық бақылау мен зертханалық сарапталар ғана анықтап, растайды. 

Серіктес жаңалықтары