Қазақстанда 15 мың адам рақымшылыққа ілігетін болды
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде рақымшылық туралы заңға қол қойғанын мәлімдеп, елімізде неше мың адам бостандыққа шығатынын айтты, деп хабарлайды Arbat.Media.
«Қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Осыдан үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Азаматтарымыздың көпшілігі Ата заңға түзету енгізуді қолдап дауыс берді. Реформаның нәтижесінде еліміздің саяси құрылымы түбегейлі жаңғырды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалды. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Оның құзыреті кеңейді. Өлім жазасы біржола алынып тасталды. Мұның бәрі – Конституциямызға тән ізгілік рухының көрінісі. Себебі Ата заңымызға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, бұл – ең қымбат қазына», - деді Тоқаев.
Осы ретте ол биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толатынын айтып, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтергенін еске салды.«Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі», - деді Тоқаев.