Қазақстанда ең жоғары жалақыны кімдер алады?

10 қазан 2025 12:13 / Новости Казахстана

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek.kz электрондық еңбек биржасының қыркүйектегі бос орындар туралы талдауын бөлісті, деп хабарлайды Arbat.Media.

Ведомство мәліметінше, ең белсенді саланың бірі білім саласы болып шықты – онда 55 мыңнан астам бос жұмыс орны (40 пайыз) тіркелген.

"Тағы 16,3 мың бос жұмыс орны "басқа қызмет түрлері" (≈12%) бойынша жарияланып, ал 10 мың бос жұмыс орны денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласына (≈7%) тиесілі болды. Жалпы алғанда, сұраныс ұсыныстан 7,6 мыңға асты", - делінген хабарламада.

Қыркүйекте көбінесе орташа білікті мамандарға (57 мың бос жұмыс орны), одан кейін жоғары білікті мамандарға (49 мың), ең аз – біліктілігі жоқ адамдарға (32,2 мың) қажеттілік байқалған.

"Ең белсенді жұмыс берушілер Астана (11,4 мың бірлік) мен Алматы (10,2 мың бірлік) қалаларында, сондай-ақ Павлодар облысында (9,4 мың бос жұмыс орны) байқалды. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан дәстүрлі түрде оңтүстік өңірлер көш бастады: Түркістан облысында – 15,7 мың, Шымкент қаласында – 9 мың, Қызылорда облысында – 8,5 мың түйіндеме жарияланған".

Қыркүйекте жарияланған бос жұмыс орындарының әр екіншісі (68 мың бірлік) жұмысшы мамандықтарына арналды, оның ішінде 39 пайызын (26,3 мың) нақты экономиканың кәсіпорындары ұсынған. Жұмысшы мамандықтар ішінде негізгі сұраныс өндіріс саласындағы білікті жұмысшыларға (23,5 мың бірлік), көлік және логистика саласына (5,9 мың) және білім мен тәрбие саласына (4,4 мың) түсті. Нақты мамандықтар бойынша ең жоғары сұраныс автокөлік жүргізушілеріне (2 мың бос жұмыс орны), тәрбиеші көмекшілеріне (1,8 мың) және санитар мамандарына (1,7 мың) болды.

Жас ерекшелігіне келсек, әр екінші түйіндеме 34 жасқа дейінгі үміткерлер тарапынан орналастырылған – 63,8 мың. Бұл топтың ішінде ең белсенділері – 16-24 жас аралығындағы жастар (28 мың түйіндеме). Әр төртінші түйіндеме орта жастағы (35-44 жас) азаматтарға тиесілі – 33 мың бірлік. Тағы 17 пайызы (22,5 мың) – 45-54 жас аралығындағы үміткерлерге, ал зейнеталды жастағылардың үлесі барлық түйіндемелердің 9 пайызы (11,3 мың) құрады.

Қыркүйек айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақы көлемі:

 

  • бас құрылысшы қызметінде байқалды (~705 мың теңге),
  • шахта оқпандарын бұрғылау қондырғысының машинисі (~700 мың теңге)
  • өндіруші өнеркәсіптегі учаске бастығының орынбасары (~681 мың теңге).

 

Ал үміткерлердің ең жоғары жалақыға деген үміті:

 

  • коммерциялық әуе лайнерінің ұшқышы (~2,8 млн теңге),
  • IT-сектордағы техникалық директор (1,4 млн теңге)
  • құрылыс саласындағы бөлім басшысы (~1,2 млн теңге) лауазымдары бойынша болды.

 

Серіктес жаңалықтары