Қазақстанда жанар-жағармай бағалары бекітілді
Энергетика министрлігі жанар-жағармай материалдары (ЖЖМ) бағасына енгізілген уақытша мораторийдің іске асу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Министрік мәліметінше, бұл шара ішкі нарықты тұрақтандыру және тұтынушылардың мүддесін қорғау мақсатында Үкіметтің тапсырмасына сәйкес қабылданды.
Енгізілген уақытша мораторийдің негізгі принципі - АИ-92 бензині мен дизель отынының бөлшек сауда бағасын автожанармай құю стансаларында (АЖҚС) 2025 жылғы 16 қазандағы деңгейде сақтау. Ел аумағында бірыңғай шекті баға белгілеу қарастырылмаған. Мұндай икемді тәсіл нарықтағы бәсекелестікті сақтап қалуға мүмкіндік беріп, операторлар арасындағы баға айырмашылығын түсіндіреді.
Қазір ірі жанармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензин бағасы литріне 213-239 теңге, дизель отыны - 317-337 теңге аралығында.
Бұл шараны іске асыру нарық қатысушыларымен нақты үйлестірілген жұмыс арқылы жүзеге асып жатыр. Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, алдын алу шараларын қолға алды. 16 қазанда ірі көтерме жеткізушілер мен жанармай құю станциялары желілері басшыларының қатысуымен кеңес өтті.
Кеңесте Үкіметтің ЖЖМ бағасын одан әрі көтеруге жол бермеу жөніндегі нақты ұстанымы жеткізілді. БҚДА тарапынан күнделікті мониторинг жүргізіліп, қажет болған жағдайда монополияға қарсы шаралар қабылданатын болады.
Елімізде жанармай қоры 3-4 аптаға жеткілікті деңгейде және тұрақты толықтырылып отырады. Қазір АИ-92 бензинінің көлемі - 341 мың тонна, дизель отыны - 405 мың тонна. Бұл көрсеткіштер бағаның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Екі отандық мұнай өңдеу зауыты штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуден кейін 25 қазаннан бастап кезең-кезеңімен іске қосылады, бұл нарықтағы теңгерімді нығайтуға септігін тигізеді.
Энергетика министрлігі мораторийдің сақталуын бақылап, аймақтық штабтар мен нарық қатысушыларымен үйлестіру жұмыстарын жүргізеді. Нарықтағы жағдай Үкіметтің жіті бақылауында.