Қазақстандағы екінші АЭС-ті кім салады?

15 маусым 2025 10:30 / Новости Казахстана

Қазақстанда екінші атом электр станциясын салу жобасының көшбасшысы ретінде Қытайдың мемлекеттік CNNC корпорациясы таңдалды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Сәтқалиевтің айтуынша, реакторлық технология ұсынған шетелдік компаниялардың ішінен Қытай мен Ресей ең күшті техникалық-коммерциялық ұсыныстар дайындаған.

«Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасымен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық жөнінде арнайы бас келісімге қол қою жоспарланып отыр. Біз Қазақстанда тағы бір АЭС салу үшін Қытай технологияларын пайдаланғымыз келеді. Әлемде толық ядролық циклді өз күшімен жүзеге асыра алатын елдер аз. Қытай сол санаулы елдердің бірі. Олар қажетті технологиялар мен индустриялық базаның толық иесі. Сондықтан біздің келесі басым бағытымыз – Қытаймен ынтымақтастық», – деді агенттік басшысы.

Сәтқалиевтің мәлімдеуінше, қазірдің өзінде қытайлық тараппен келіссөздер басталып кеткен.

«Біз Қытайдың жылдам әрі сапалы құрылыс салудағы тәжірибесін пайдалануға мүдделіміз. Бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Агенттігіміздің алдында осы салада тиімді консорциум қалыптастыру міндеті тұр», – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанға бірінші АЭС-ті "Росатом" салатын болды.

"Росатом" Қазақстандағы бірінші АЭС құрылысы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы деп танылды.

Қазір"Росатомның" ұсыныстарына сәйкес Ресейдің есебінен мемлекеттік экспорттық қаржыландыруды тарту мәселесі пысықталып жатыр.

 

Серіктес жаңалықтары