Құлсарыда баспанасын қалпына келтіруге өтемақы алғандар саны 1100-ден асты
Атырау облысындағы Құлсары қаласында баспанасын қалпына келтіруге өтемақы алған тұрғындар саны 1100-ден асты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, Құлсары қаласында мобильді топ мүшелері тұрғындарға 2 583 үйге бағалау және техникалық зерделеу жұмыстарының қорытындысын таныстырған, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Қазір Құлсары қаласының 1 594 тұрғыны өтемақы алу туралы келісімшартқа қол қойды. Жергілікті 1165 тұрғынға өтемақы қаржысы төленді. Оның ішінде 722 тұрғын баспана сатып алу, 443 адам тұрғын үйін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары үшін төлем алды», - деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Құлсары қаласының тұрғыны Сегіз Бердіқұлов сарапшылардың бүлінген мүлікті бағалау қорытындысымен келісіп отыр. Сол себептен, енді Жылыой ауданының әкімдігіне жүгініп, өтемақыны ақшалай алғысы келеді.
Ал, 5-учаске тұрғыны Қожантай Дәуітовке де бағалау комиссиясының қорытындысы берілген.
«Тасқын судан бүлініп қалған мүліктерімді әділ бағаланды деп ойлаймын. Енді соған байланысты төленетін қаражатпен үйімді толық қалпына келтіруді ойластырып отырмын», - дейді Қожантай Дәуітов.
Техникалық зерделеу қорытындысын қайта қарау басталған. Бұған тұрғындардың өтінішінде көрсетілген ескертулер себеп болған.