Қытайдағы көшкіннен қаза тапқандар саны 21 адамға жетті
Қайғылы оқиға сейсенбі күні Ганьсу провинциясына қарасты Луннань қаласында болған. Толассыз жауған жаңбырдан кейін тау беткейінен опырылған топырақ көшкіні тұрғындар болған аумақты басып қалған, деп хабарлайды Arbat.Media.
Алдын ала мәлімет бойынша, көшкін астында 33 адам қалып қойған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, медицина қызметкерлері мен арнайы техника жұмылдырылып, тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді.
Құтқарушылар жоғалғандардың барлығын тапқан. Соңғы мәліметке сәйкес, 21 адам қаза тапқан. Жеті адам түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілсе, тағы бес адам дін аман құтқарылған.
Жергілікті билік зардап шеккендерге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта табиғи апаттың нақты себептері анықталып жатыр.
Соңғы жылдары Қытайдың таулы өңірлерінде нөсер жауын-шашыннан кейін көшкін мен селдің жиілеуі байқалады. Осыған байланысты билік тұрғындарды қауіпті аймақтарға бармауға шақырып, ауа райының қолайсыздығына байланысты қауіпсіздік шараларын күшейткен.