Қытайлық автомобиль брендтерінің Қазақстандағы болашағы зор – Ши Цинке

20 тамыз 2024 10:45 / Новости Казахстана
Фото: Kazinform

Өткен жылы алғаш рет әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысы болғаннан кейін Қытай 2024 жылы автомобиль экспортының өсу үрдісін жалғастырды. Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының статистикалық мәліметі бойынша, Қытайдың автомобиль экспортының көлемі осы жылдың шілде айында 469 мың данаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 19,6 пайызға өсті. Қытайдың 2024 жылдың алғашқы жеті айында көлік құралдарының жалпы экспорты 3,26 миллион дана болды (2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,8% өсті), оның 700 мыңы электрлі көліктер, - деп хабарлайды Arbat.media.

Сонымен бірге Орталық Азия қытайлық автомобиль өндірушілері бағалаған нарықтың біріне айналды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Орталық Азиядағы ең ірі нарық Қазақстанда Қытайдың Great Wall Motors автокомпаниясы өткен жылы 8 824 көлік сатқан. Great Wall Motors халықаралық бизнес департаментінің президенті Ши Цинке Great Wall Motors қазақстандық нарыққа толық сенім артатынын айтты.

«Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық және сауда қарым-қатынастары тереңдей түскен сайын, қытайлық автомобиль брендтерінің Қазақстандағы болашағы зор болады деп ойлаймын», - деді ол.

Қазіргі уақытта Great Wall Motors-тың Қазақстанда 20 ірі қаланы қамтитын 28 дилерлік кеңсесі бар. Компания осы жылдың үшінші тоқсанында Алматы мен Астанада жаңа дилерлік орталықтар ашуды жоспарлап отыр.

Қытайдың тағы бір автокөлік компаниясы Geely Automobile 2022 жылдың соңынан бастап Қазақстанда ірі қалаларды қамтитын 16 дилерлік және автосалондар ашты. Кәсіпорын қазіргі таңда қазақстандық нарықта 7 үлгіні ұсынады. Geely Орталық Азия елдері қытайлық автоөндірушілер үшін маңызды өсу қозғалтқышына айналып отырғанын айтты. Кәсіпорын Қырғызстан нарығына өткен жылы кірген, енді өз өнімдерін Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанға экспорттауды көздеп отыр.

Айта кету керек, Қазақстандық Orbis Kazakhstan компаниясы Алматы индустриялық паркінде толық циклді автомобиль зауытын салуды жоспарлап отыр. Жоба аясында ҚХР-дың Exeed және Kaiyi секілді брендтері бір өндіріс алаңында бірігеді.

Бұдан бөлек, Алматыда Chery, GWM (Haval), Changan автокөліктерін шығаратын мультибрендті Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты салынып жатыр. Кәсіпорын жылына 90 мың автокөлік шығарады деп жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары