Руслан Берденов сотқа мәжбүрлі түрде келетін болды
28 шілде күні Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты істің алдын ала тыңдауы өтті, деп хабарлайды Arbat.Media.
Сот отырысы барысында судья Әбінұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға белгіленген негізгі сот процесіне міндетті түрде өзі келуге міндеттеді. Айта кетейік, алдын ала тыңдауға Руслан Берденовтің өзі қатыспаған. Оның өкілі сотқа қазіргі уақытта әкім орынбасарының ем алып жатқанын хабарлады.
Бұл іс бойынша күдікті ретінде Ернар Жиембай танылған. Ашық режимде өткен алдын ала тыңдау кезінде судья айыпталушының өз бейнесін түсіруге қарсы екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін сотқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіруге оқталу") бойынша Ж. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс түскен болатын.
Айыпталушының жұбайы – қазақстандық Луиза Алданова Instagram парақшасында оқиғаға қатысты пікір білдірген. Кейбір БАҚ деректеріне сүйенсек, күдікті бұған дейін "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің басшысы болған.
Еске салсақ, биыл 21 сәуірде Шымкент қалалық әкімдігінің ғимараты маңында Руслан Берденовке оқ атылған. Шенеунік жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Күдікті оқиға орнында ұсталған.