Сарайшықта археологиялық қазба жұмысы басталды

17 маусым 2024 15:17 / Новости Казахстана

Атырау облысының екі ауданында археологиялық қазба жұмысы басталды. Оның бірі Қызылқоға ауданындағы Қарабау, екіншісі Махамбет ауданының Сарайшық ауылында жүріп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған экспедиция Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылына келді.

Экспедицияға тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов жетекшілік етеді.

Музейдің ұсынған ақпаратына қарағанда, археологиялық қазба жұмысы биылғы жоспарға сәйкес қолға алынып отыр. 

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі маусым-тамыз айларында Қызылқоға ауданының Қарабау ауылы маңындағы ерте темір дәуірінің Қарабау-2 қорғанына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Аталған қорғанның диаметрі — 70 метр, ал, биіктігі — 300 сантиметр. Қарабау ауылынан солтүстік батысқа қарай 8,5 шақырым қашықтықта орналасқан бірнеше қорған бар», -деп хабарлады облыстық музейден.

Ал, Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жанат Кенжеғалиеваның айтуынша, су тасқыны кезінде археологиялық қазба орындарына зақым келмеген.

«Қазір Жайық өзенінің жағасындағы тарихи орында қазба жұмысы басталды. Археологиялық жұмысын жүргізуді „Сарайшық“ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК-дан 3 археолог, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен 18 студент, Батыс Қазақстан облысындағы университеттен 22 студент қолға алды. Қазба жұмысы шілде айына дейін жалғасады», -дейді Жанат Кенжеғалиева.

 

Серіктес жаңалықтары