Сәуірдің соңы мен мамырдың басына ауа райы болжамы
«Қазгидромет» осы апта мен мамыр айының алғашқы күндеріне ел аумағындағы ауа райына болжам жасады. Синоптикалық болжамға сәйкес, алдағы аптада еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі. Әсіресе аптаның ортасына қарай Солтүстік өңірлерде нөсер жауын болжанып отыр. Шығыс және Солтүстік Қазақстанда түнде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін, - деп хабарлайды Arbat.media.
Осы аптаның соңына қарай, еліміздің басым бөлігінде ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Батыста, оңтүстік және оңтүстік шығыста 25-30 градустан 15-20 градусқа дейін төмендейді, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Ал солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде ауа райы күндіз 5-13 градусқа, түнгі уақытта 1-6 градусқа дейін төмендейді деп болжануда», - деді «Қазгидромет» РМК ұзақ мерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова.
Маманның айтуынша, мамарды басында ел аумағының басым бөлігінде жаңбыр күтіледі.
«Жаңбырмен қоса жел күтіледі, соның әсерінен ауа температурасы төмендейді. Яғни сәуірдің соңғы күндері күн жылынып, мамырдың басында қайта суиды. Сондай-ақ, жалпы мамырда жоғары температура болжанып отыр, еліміздің оңтүстік өңірлерінде ауа райы кей күндері 35-40 градусқа ал солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде 25-35 градус ыстық күтіледі. Ыстық күндері жауын-шашынмен ауысып отырады. Сондықтан солтүстік аймақтарда ауа температурасы түнде үскірікке айналуы мүмкін», - дейді ол.
«Қазгидромет» өкілі мамырда елімізде ауа райының құбылмалы болатынын айтты.