ШҚО әкімі отставкаға кетуге өтініш жолдады

3 маусым 2026 14:44 / Новости Казахстана

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омар сотталғаннан кейін қызметінен кету туралы өтініш берген, деп хабарлайды Arbat.Media.

Алайда оның өтініші қанағаттандырылмаған.

Мәліметке сәйкес, Жақсылық Омар алаяқтық және ірі көлемде пара алу фактілері бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, мүлкі тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енгеннен кейін Нұрымбет Сақтағанов Қазақстандағы саяси мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі туралы заңнамаға сәйкес отставкаға кету жөнінде өтініш жазған. Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде оның қылмыстық іске қатысы жоқ екені анықталып, Президент Әкімшілігі өтінішті қабылдамаған. Сондықтан ол өз қызметін жалғастырып отыр.

Айта кетейік, Жақсылық Омар бұған дейін Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған. 2025 жылдың сәуірінде ол ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.

Еске салсақ, Өскемен соты Жақсылық Омарды алаяқтық пен пара алу баптары бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға соттады. Кейін апелляциялық сот бірінші инстанция шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Серіктес жаңалықтары