“Шұғыл”: Туризм министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты үндеу жасады
Туризм және спорт министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты өзінің ресми сайтында қазақстандықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Мекеме хабарламасына сәйкес, Қазақстан Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты хабарламасына сәйкес, Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумағында, әуе кеңістігінде және оған жақын аймақтарда ұшуға толық тыйым салынған. Бұл шектеу арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болады.
Аталған ведомствоның нұсқауы отандық әуе тасымалдаушылардың барлық тұрақты және тұрақсыз жолаушысы, жүк, сондай-ақ техникалық рейстеріне қатысты.
"Осыған байланысты туристерден жағдайды жіті қадағалап, сапарларын, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне баруды мұқият жоспарлауды сұраймыз.
Аталған өңірдегі ахуал өзгерген жағдайда, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік департаменті қосымша ақпарат ұсынады.
Қазақстан Туризм және спорт министрлігі жағдайды жіті бақылауда ұстап, жауапты мемлекеттік органдар, елшіліктер және туроператорлармен тұрақты байланысып отыр. Қажет болған жағдайда министрлік Туристік Қамқормен және әуекомпаниялармен бірлесіп туристерді қайтаруды қамтамасыз етеді", - делінген хабарламада.