Талғарда 20 жастағы жігіт пышақ жарақатынан көз жұмды
Полиция қызметкерлері 12 сәуір күні Гүлдала ауылының бір мейрамханасында болған кісі өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынған. Сонымен қатар, бұзақылық үшін тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Бұдан бөлек, соттың шешімімен олардың екеуіне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ тағайындалды. Кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шарасы қолданылды», – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, оқиғаға куә болған барлық адамдар анықталып, олардан қылмыстық іс аясында жауап алынған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті зерттеуді қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Барлық тараптардың уәждері мұқият тексерілуде», – деп қосты полиция қызметкерлері.