Тартылған Арал толып келеді
Солтүстік Аралдағы су көлемі 27 млрд текше метрге дейін артты. Солтүстік Арал теңізін құтқару жобасы аясында маңызды нәтижеге қол жетіп, қоймадағы су көлемі 27 млрд текше метрден асқанын Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Жетістіктің негізгі факторы Көкарал бөгетін қайта жаңарту болған. Сонымен бірге Сырдария өзені арқылы Қызылорда облысына секундына 650 текше метр су келуінің де әсері бар. Бұл мәселеге қатысты Өзбекстан және Қырғыз Республикасымен бірлескен жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, қазір су беру кестелері бекітіліп, жергілікті шаруа қожалықтарымен кездесулер ұйымдастырылған. Егіс алқаптарын суару үшін қажетті судың жеткілікті мөлшері белгіленген.
Сонымен қатар ведомство өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесу барысында жобаның Дүниежүзілік банкпен бірлесіп іске асырылып жатқанын атап өтті. Қазір жобаның екінші кезеңі әзірленіп жатыр. Бұл балық шаруашылығын, экотуризмді дамытуға, экологияны және су ресурстарын басқаруды жақсартуға бағытталған.