TikTok-тағы «рулар жарысына» заңгер мен депутат пікір білдірді
TikTok қолданушыларының арасында тікелей эфирге шығып, «рулар жарысын» ұйымдастырып жүргендер баршылық. Олардың дені жастар. «Рулар жарысы» TikTok тікелей эфирде өтеді. Әр рудың атауы жазылған тізімді ғана негізгі экранына шығарып қойып «бәйге» ұйымдастыратындар өздерінің жүзін көрсетпейді. Ойын шарты қарапайым. 10 дауыс 100 теңге. Неғұрлым көп ақша салған рудың өкілдері көп дауыс жинап, жеңіске жетеді. Адай мен дулатты дуылдатып, жалайыр мен шапыраштыны шуылдатып қоятындар эфир соңында қоңыраттан екі мың, қыпшақтан жеті мыңдап ауадан ақша табуда, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Ру —руға жарыстарып қоюдың ар жағында қылмыстық әрекет жоқ жай ойын болып көрінгенмен бұл халықтың арасына іріткі салу, шоқ тастау. Трайбализмдік дау тудырып, ары қарай өршіп кетуі мүмкін. Сосын аяғы ру арасындағы дауға, көреалмаушылық, бақталастыққа ұласып түбі жауапкершілікке тартатын қылмысқа ұласуы да мүмкін» — деді заңгер Қожаберген Дәуренбеков.
Бұл ойынның түп мақсаты теңге жинау. Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері желідегі мұндай жарияланымдарға құқықтық мониторинг жүргізілетінін де айтқан еді. Халық қалаулылары да арзан жолмен ақша тауып жүргендерге тоқтау салу керектігін айтты.
«Бұл жүзге, руға бөлу деген қазақтың дамуына үлкен кедергі жасайды. Қан тазалығы үшін әркім өз руын білгені дұрыс бірақ ой-өрісім рулық санадан аспай жатыр. Ұлттық сана қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын. Мұны бизнеске, ақшаға салу дегенді мен қолдамаймын. Тоқтау салуымыз керек. Ал, тоқтау мемлекет тарапынан болуы тиіс. Оған басқа да құрылымдар араласу керек. Мен рулар жарысын жасап жатқандарға қарсымын» — деді Мәжіліс депутаты Болат Керімбек.