Түркі мемлекеттері ұйымының Орталық банктер кеңесі құрылады

6 қараша 2024 16:35 / Новости Казахстана
Фото: Ақорда

Түркі мемлекеттері ұйымының Орталық банктер кеңесі құрылады. Бұл туралы бүгін Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Мемлекет басшысы сөзінде ұйымға мүше елдер арасында қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бағытта Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарып келеді. Сонымен қатар Президент тараптардың Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы бірауыздан құптағанын жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.  

– Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендету үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түскен.

– Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз «Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік» тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – деді Президент.

Серіктес жаңалықтары