Түркістан мен Қызылорда облыстарында құрғақшылық қаупі жоғары
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды реформа жасап, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, жеңілдіктер мен субсидиялардың тиімділігін арттыру қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Мұның бәрі, түптеп келгенде, ауыл шаруашылығындағы еңбектің өнімділігін арттырады, яғни нақты нәтиже береді. Су ресурстарының қолжетімді болуы – агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Былтыр Жамбыл облысының диқандары су тапшылығынан қатты зардап шекті. Биыл да құрғақшылық болуы мүмкін. Арнайы құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысы әзірге ойдағыдай нәтиже берген жоқ», деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы көрші мемлекеттер су тапшылығын жою үшін нақты мақсат қойып, белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
«Елімізде су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы тек жақында ғана қабылданды. Бұл құжат тым ұзақ талқыланды. Ашығын айту керек, жағдай өте күрделі. Мысалы, еліміздегі суармалы жердің 13 пайызында ғана су үнемдеу технологиясы бар», деп атап өтті ел басшысы.
Президенттің айтуынша, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары.
«Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек. Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет», деп түсіндірді Қ.Тоқаев.