Түркістан облысында 2 ер адам 2 танысын жантүршігерлік жағдайда өлтіріп, өзенге ағызып жіберген

25 маусым 2025 19:04 / Новости Казахстана

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында ауыр қылмысқа қатысты іс алқабилердің қатысуымен қаралды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Сотта екі азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (адам ұрлау), 126-баптың 1-бөлігі (заңсыз бас бостандығынан айыру), және 99-баптың 2-бөлігінің 1), 3), 7) тармақтары (кісі өлтіру) бойынша жауапқа тартылды.

2024 жылғы 5 тамызда түнде екі сотталушы алдын ала келісіп, Шардара қаласының маңында Сырдария өзенінің жағасында екі азаматты ұрлап, еркінен тыс ұстаған. Жәбірленушілердің аяқ-қолдары, көздері мен ауыздары скотчпен байланған. Сараптама қорытындысы бойынша, олар кеудеге тиген ауыр соққы салдарынан оқиға орнында қаза тапқан. Қылмысты жасыру үшін мәйіттер өзенге тасталған.

Алқабилердің үкімімен екі сотталушы да кінәлі деп танылып, сәйкесінше 24 жыл 6 ай және 23 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды: сотталушылардан моральдық өтемақы ретінде 30 миллион теңге және адвокат шығындары үшін 2,4 миллион теңге өндірілетін болды. Аталған үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары