Үйінен қашқан балалар неге отбасына қайтқысы келмейді
Ақтөбеде балалар үйі атауы жоқ. Туғаннан 3 жасқа дейін тәрбиеленетін балалар Сәбилер үйінде жатады. Кейін олар «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына жіберіледі. Мұнда бірнеше жыл бойы орын тапшылығы мәселесі көтеріліп, биыл тағы бір ғимарат қолданысқа берілді. Қазір екі ғимаратта 70 бала тәрбиеленіп жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Kazinform тілшісі орталыққа барып, директоры Гүлбарша Жиенқұловамен сұхбаттасты.
— Балалармен жұмыс істейтін инспекторлар қаладағы «Аяла» орталығында орын тапшы екенін айтып, жергілікті әкімдікке ұсыныс жасағанын білеміз. Кейін бұл проблема облыстық мәслихатта көтеріліп, жаңа ғимарат алуға қаржы бөлінді. Қазір жағдай қалай?
— Биыл ғана атауы «Аяла» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы болып өзгерді. Ақтөбе облысының білім басқармасына қарайды. Бұрын «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы болған. Қабылдау бес категория бойынша жүргізіледі. Олар: жетім балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, қадағалаусыз, қараусыз қалған балалар, арнайы мектептерге жіберілетін балалар және өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар. Баланы әкелген кезде «қандай жағдаймен түсті» деп сұраймыз. Сол кезде бөліп қарастырғанымен, баланың бәрі бірдей. Негізі бір ғана ғимарат болған кезде мұнда бала сыймады. Орталық 40 орындық болса, кейде бала саны 70-тен асып кетті. Сонымен бірге ғимарат жөндеуді қажет етіп тұрды, жиһаздары тозған еді. Едені, есігі мен тазалық бөлмелерінің бұйымдары жаңартуды қажет етті. Облыстық білім басқармасының қолдауымен биыл орталыққа жөндеу жасалды. 3 жастан асқан балалар үшін ойын залы ашылды. Олар үшін мектепке даярлық бөлмесі жасақталды. Ал ересек балалар үшін демалыс бөлме бар. Онда теледидар мен диван қойылған. Мәжіліс залында балалар мәдени шаралар өткізе алады. Ал биыл қолданысқа берілген екінші ғимарат қала шетіндегі Кеңес Нокин ауылында орналасқан. Бұрын әскерилердің жұмыс орны болған ғимаратқа да жөндеу жасалды. Ол ғимарат та 40 орындық. Қазір бірінде 36, екіншісінде 34 бала бар. Қала ішіндегі ғимаратта жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар орналасқан. Ал қала маңындағы тұрғын алабында комиссия отырысын күтіп жатқан, уақытша орналасқан балалар жатыр.
— Жыл өткен сайын балалардың саны көбейіп тұр. Алдағы уақытта екі нысанның өзі тарлық етпей пе?
— Бұл орталыққа келген балалар саны үнемі өзгеріп отырады. Отбасына оралады, сол кезде азайып та қалады. Мәселен, екі баланың анасы хабарласып, «ауылға көштім, мектептен талон алдым, балаларымды алып кетемін» деп хабарласты. Анасы мен баласын айырмаймыз, отбасында жағдай түзелсе, бала ұзаққа қалмайды. Кейде 2, кейде 3 бала кетеді бір-екі апта ішінде.
— Кішкентай да, ересек бала да бір ортада тәрбиелене ме?
— 3 жастан асқан балалардың бәрі бізге жеткізіледі. Орталықта кіші топқа арналған ойын түрлері бар. Бос уақытта «Ақжелкен» аула клубындағы үйірмелерге қатыстырамыз. Тәрбиешілер апарып, әкеледі. Ал ересек балалар жақын маңдағы екі мектепке тасымалданады. Сонымен бірге хореограф, дене шынықтыру пәні мұғалімі мен қолөнерге бейімдейтін мұғалімдер сырттан келіп, оқытады. Мектепке волейбол спорт секциясына барып тұрады.
— Кішкентай балалар мұнда қалай келеді? Оларды кім әкеледі?
— Бізде Н. есімді 4 жасар қыз бар. Оның үлкен екі бауыры осында тұрып жатыр. Тағы екеуі сәбилер үйінде. Бір анадан туған бес бала. Үш жасқа толғаннан кейін оларды біртіндеп орталыққа жіберіп жатыр. Бауырлар арасын жалғау үшін орталықтағы үш баланы ертіп, «Үміт» сәбилер үйіне бардық. Кішкентайлары есін білмесе де естелік фотоға түсірдік. Айына бір-екі рет барып тұруды үрдіске айналдырғымыз келеді. Естиярлары таниды, бәрін біледі. Жақында Аналар үйімен де байланыс орнады. Бір үйдің 5 баласы бар. Үлкені — қыз. Ол балалы болып, Аналар үйіне түскен. Одан кейінгі қыз бала колледж студенті. Қалғаны осы орталықта жатыр. Сол балаларды ертіп, Аналар үйіндегі апасына кездестіріп келдік. Олардың әкесі қайтыс болған, анасы ішімдікке салынған соң ата-ана құқығынан айырылған. Балалардың бәрі бір-бірін біледі, сағынады, іздейді. Мауқын бассын деп кездесу ұйымдастырылды, жүздесу сәтті өтті. Сөйтіп «Үміт» сәбилер үйі және Аналар үйімен байланыс орнады.
— Кішкентай кезінде мұнда түскен балаларды тәрбиелеу басқа, жасөспірім шақтағы тілтабысу басқа деп ойлаймын. Олар ырыққа көне ме?
— Бізге көбіне қараусыз қалған, ата-ана тәрбиесіне көнбейтін, үйінен бірнеше рет кетіп қалған, сабаққа бармай жүрген балалар мен жасөспірімдер келеді. Мектепке бармаған соң директор инспекторға хабар береді, олар үйіне барып, тексереді. Іздеп, табылған соң орталыққа әкелінеді. Ондай бала бірден көнбейді. Ол емін-еркін жүріп, барғысы келген жерге барып, ойына келгенді істеп үйренген бала. Мұнда келген соң күзетшіден бастап сол балалармен жұмыс істейміз. Олар болса кейде көнгісі келмей, қашып та кетеді. Үйіне де барғысы келмейді, көшеде бос жүрсе болғаны. Айтамыз, түсіндіреміз. Орталықта бәріне әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық, медциналық көмек беріледі. Емханаға бекітеміз, тума-туыстарын іздейміз. Облыстық білім бөліміне, прокуратураға хабарласып, кейін балалар мектепке орналастырылады. Ал үйіне оралса, өзінің мектебіне барады. Бәрін өзіміз тасымалдаймыз. Кіріп, шыққанын күтеміз, көлікпен әкелеміз.
— Ізінен жүргеннің өзінде қашып кететін балалар бар ма?
— Мектептің терезесінен шығып, қашып кеткен бала да болды. Кішкентайынан өзімен өзі өскен. Әкесі сотталып, анасы 8 айында ата-ана құқығынан айынылған. Сол кезде әжесінің тәрбиесіне берілді. Ол кісі көбіне жұмыста жүріп, бала өзімен өзі өскен. Уақыт өте келе жасөспірім ырыққа көнбей, үйден жиі кетіп қалатын, бірнеше күн бойы хабарласпайтын күйге түседі. Әжесі оны қарай алмай, ол да бас тартты. Бала қазір Алматыдағы арнайы мектепке жіберілді. Бір өкініштісі, анасы сол күйі өзгермеді. Тағы үш қызды өмірге әкелген. Олар да қазір осы орталықта жатыр. Анасын ата-ана құқығынан айыруы мүмкін. Іс комиссияға түсті, енді қаралады. Бұдан өзге де отбасылар бар. Кеше ғана бір анамен сөйлестім. «Қызым бір рет, ұлым бір рет түсті орталыққа» деп отыр. Бұл жолы екеуі де бізге жеткізілді. Себебін сұрағанда «ішіп қоямын» деп айтады. Көбіне осы жағдай. Кейде үйі адам тұрғысыз болады, ішер тамағын таппайды. Киім-кешегі, төсек орны жоқ тіпті.
— Орталыққа келген баланың үйіне оралғысы келмейтіні бола ма?
— Орталыққа жеткізілген үш баланың үлкені үйіне қайтқысы келмеді. Қазір де бар бірер бала. «Шамалы уақыт жүріп, қайта ішіп кетеді» деп айтады. Мұнда тамақ дайын, киімі жуулы, үтіктеулі, жатын орны жылы. Сабаққа барып, келеді. Кейбір жасөспірімдер үйіне оралған соң қайта әдетіне басып, үйінен кетіп қалады. Ата-анасы хабарлама беріп, полиция, еріктілер іздеп жатқан кезде «қазір бізге келеді» деп біліп отырамыз. Ішке кірген кезде кейбірі жуынатын бөлмеге кіріп, өз үйіндей еркін қозғалады. Неге? Осы сұрақ мені де мазалайды. Ата-аналар көбіне өздерін ойлап кеткен сияқты. Ата-анамен сөйлескенде «мен ерігіп жүрген жоқпын, мен ойнап жүрген жоқпын, осылар жақсы болсын деп жұмыс істеп жүрмін. Несием бар, оны төлеу керек» деп айтады. «Киімің бар, жататын жерің бар, енді саған не керек» деп баласына жекіп жатады. Бала сосын көшеге кетеді. Көшеде жүріп бұзылады. Бір түскен бала бірнеше рет келіп жатады.
— Неге әуестенеді?
— Көбіне темекі тартады, насыбай атады. Өз тілімен айтқанда «одноразка» тұтынады. Орталыққа келген баланың ата-анасын инспекторлармен бірге іздейміз. Ата-аналар баласы кеткеннен кейін түзелмей, кейде қайта ішкілікке салынады. Оларға қарасаң баласын орталыққа орналастырған өздеріне ұнайтын сияқты әсерде қаласың. Іздемейді, бала бағулы, уақыты бос.
— Балалар көбіне анасының жанында екен…
— Иә, аналарының жанында. Әкесі белгісіз болса F4 санатына жатқызамыз. Құжатында тіркеулі тұрмаса бәрі анадан сұралады.
— Орталыққа қыздар не себепті түседі?
— Қыздар көбіне анасымен ұрысып қалады. Ал анасы баласына деген ренішін айтып отырады. «Айтқанды тыңдамайды, көшеде жүріп, қыдырғысы келеді. Қолқабыс етпейді, үй шаруасына көмектеспейді. „Үй жина“ дегеннен ұрысып қалып, көшеге шығады» деген уәждері бар. Кейде кеш оралады, кейде мүлде байланыссыз қалып, құрбыларының үйіне қонады. Осыған еті үйренген отбасылар да бар.
— Бұған дейін колледжде жұмыс істеп, білім қуған жастардың ортасында жүрдіңіз. Ал бұл орталық баланы қайта тәрбиелеуге күш салады. Қалай бейімделдіңіз?
— Келген кезде әрқайсысының құжаттарымен, тарихымен таныстым. Алдымда отырған баланың көзінде, жүрегінде не бар екенін білгім келді. Балаға жақындығы бар адамдардың барлығымен сөйлестім. Ата-анасына кеңес беріп, психологтан көмек алу, барар жері болмаса жәрдем беретін орталықтарға жүгіну жолын сілтейміз. Мақсатымыз — баланы отбасына қосу, мұндағы бала санын азайту.
— Әке-шешесі емес, ата-әжесі іздейтіндер бар ма?
— Ондай бар. Әкесі ішімдікке салынып, әкелік құқығынан айырылған. Ал атасы немерелерін өзі баққысы келіп отыр. Бес баланы жанына алмақ. Оның ең кішкентайы 5 жаста. Тағы бір ер баланың әжесі келіп тұрады. Анасы ата-ана құқығынан айырылған. Жиенін қолына алайын десе денсаулығы сыр берген, қызына ауылға орал деп айтқанымен тыңдамай, қалада қалған.
— Аудандардан да балалар жеткізіле ме?
— Алға, Хромтау, Қобда аудандарынан келген балалар бар. Қазір аудан, ауылдағы отбасы үлгісіндегі орталықтар жабылды. Бәрі осында келеді.
— Патронат отбасы көп пе?
— Аналар үйімен сөйлесіп, патронат отбасы іздеу және оларды дайындау үшін ақылдасып жатырмыз. Бала асырап алушы ата-аналар мектебінде үш ай оффлайн, бір жарым ай онлайн оқытылады. Мектепте оқып, бар сатыдан өткен соң ғана арнайы сертификат беріліп, республикалық базаға тіркелуге, ондағы балалар тізімін көріп отыруға мүмкіндік алады. Қазір бір отбасы үш жастан асқан баламен кездесіп жүр. Екі апта кездеседі, танысады. Содан кейін бір айға үйіне алып кетеді. Бәрі жақсы болса қамқоршылыққа алып, кейін асырап алады. Әрқайсысының өз кезеңі бар. Қазіргі кезде Аналар үйінің үйлестірушісімен ақылдасып, патронат отбасы іздегіміз келіп отыр. Балалардың отбасында өскені жақсы. Мұндағы балалар 9 сынып бітіріп, колледжде оқығысы келеді. Сөйтіп биыл төртеуі арнаулы орта оқу орнына орналасты. Ал қазір екі қыз 11 сынып оқып жатыр. Ыбырай қоры арқылы оларды ҰБТ-ға дайындаймыз. Осы қор оқытушылары біздің балаларға математика, ағылшын сабақтарын қосымша оқытады. Енді 9 сынып бітіретін оқушыларға кәсіптік бағдар береміз. Бізден кеткен балаларды үнемі бақылап, байланысып отырамыз. Менің ойымша, патронат отбасын дамытқан дұрыс. Өзара «детдомның баласы» деген сөзді естиді, айтады, соған намыстанады. Бірақ әр балаға шындықты қабылдап, саналы түрде мойындауды үйретемін. Шындық осы. «Оны сол күйі қабылдасаң басқалар бетіңе басқанда күйзеліске түспейсің» дейміз. Бар қиындыққа қарамастан олар өзінің өзгемен тең екенін дәлелдесе, адамдардың да көзқарасы өзге болар еді.
— Балалар үйі Ақтөбеде жабылды, бірақ өзара «детдом» деген ұғым қалып қойған. Неге?
— Балалар өзара сөйлескенде осы туралы айтады. Бұрынғы Алға балалар үйінің тәрбиеленушілерін таниды, кейбірі солардың туыстары. Ал біздің мекемені көбі балабақша деп ойлайды. Балаларды қолдау орталығы деп түсіндіреміз.
— Балалар сізді көрсе құшақтап алады екен. Сыры неде?
— Балалар күн сайын амандасады, құшақтап алады. Өздері осылай. Жүзі жылы адамдардың бәрін жақсы көріп тұрады.