Ұлттық банк алдында инфляцияны 5%-ға дейін төмендетіп ұстау мақсаты тұр
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте базалық мөлшерлемені 14,5%-ға дейін төмендетуге себепкер болған факторларды атады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Оның сөзінше, мұндай шешімге инфляция мен экономикалық өсімнің жаңартылған болжамдары, сондай-ақ, сын-қатерлер теңгерімі мен деректерді талдау негіз болған, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Қазіргі жағдайда жылдық инфляцияның болжамдарға сәйкес төмендегенін көріп отырмыз. Наурыз, сәуір айларында бағаның орнықты бөлігінде өсімнің баяулауы біз үшін жағымды болды. Бұл инфляцияны тежеу саясатын әрі қарай жалғастыра беру қажеттігін растайды», - деді Т.Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы инфляцияның бәсеңдеуіне жаһандық инфляция қысымының әлсіреуі, азық-түлік бағасының төмендеуі, байыпты қатаң ақша-кредит саясаты негіз болғанын атап өтті.
«Сәуірде бағаның жылдық өсімі 8,7% деңгейінде болды. Азық-түлік тауарларының инфляциясы айтарлықтай төмендеп, 6,3%-ға жетті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны да баяулап, 7,6% болды. Бұл орайда реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифінің өсуі ақылы қызметтердің жылдық мәндегі инфляциясын 13,5%-ға дейін өсірді», - деді ол.
Ұлттық банктің мәліметі бойынша, сәуірде айлық инфляция 0,6% болған. Бұл орташа тарихи динамикаға сай. Сәуір айында инфляциялық күтулер де өскен. Келер жылға күтілетін инфляция 16,1% болып отыр.
«Респонденттердің пікірінше, баға өсімінің жоғары болжамдарына су тасқыны жағдайындағы азық-түлік бағасының өзгеруі, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер реформасы әсер еткен. Өз кезегінде сауалнамаға қатысқан экономиканың нақты секторы келешек инфляция туралы анағұрлым ұстамды болжам беріп отыр. Кәсіпорындар дайын өнім мен шикізаттың бағасы баяу өседі деп күтеді. Қаржы нарығындағы кәсіби ойыншылардың соңғы сауалнама нәтижелері инфляция жыл соңына дейін 8,5% деңгейінде қалыптасады деп болжайды», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Тимур Сүлейменов Ұлттық банк алдында ортамерзімді келешекте инфляцияны 5%-ға дейін төмендетіп ұстау мақсаты тұрғандықтан қазіргі ақша-кредит шарттары елдегі инфляциялық процестерді одан бәсеңдететінін айтты.