Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін

29 қараша 2024 2:02 / Новости Казахстана
Фото: almaty.tv

Экономист, Public Policy Research Center директоры Меруерт Махмұтовадан валюта нарығындағы теңге бағамының құбылуы қатысты пікірін айтты. Сарапшы ертең Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеруі мүмкін деп отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

Ұлттық банктің бүгін интервенция қолдануын қалай бағалайсыз? Теңге бағамы тағы құлдыраса, тағы интервенция жасау керек пе?

Ұзақ мерзім бойы интервенция қолдану мүмкін емес. Себебі оның шығыны көп және интервенцияның әсері де соншалық ұзақ болмайды. Маған Қазақстанның валюта нарығындағы долларға деген қазіргі сұраныс алып-сатарлық сұраныс сияқты көрінеді. Себебі бір доллардың құны 520 теңгеге дейін барып қайтты. Интервенция тәсілімен осы алып-сатарлық сұранысты бәсеңсітуге мүмкіндік болды. Интервенция тәсілі осылай қысқа мерзімде әсер ету үшін қолданылады.

Кейбір сарапшылар рубль бағамының әлсіреуі Ресейдегі инфляцияны Қазақстанға «экспорттайтынын» болжап жатыр. Оның алдын алу үшін Қазақстанға не істеу керек деп есептейсіз?

Негізі Ресей Федерациясы өз экономикасындағы қиындықтарды ескеріп, ішкі нарығын құтқару үшін бізге қарсы протекционистік саясат қолданып келеді. Ал бізде ішкі нарықты құлдыратпау үшін өзімізде өндірілетін тауарлардың Ресейден импортын шектейтін тарифтік саясат жоқ. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесіміз. Мысалы, «Россельхознадзор» керек болған кезде түрлі факторды сылтауратып, біздің өнімдерге шектеу қойып жатады. Сондықтан біз де тарифтік емес құралдарды пайдалануымыз керек.

Әрине, теңгенің рубльге қатысты бағамы тұрақтанып жатса, біздің нарықты Ресей тауарлары басып алады. Онсыз да үлесі аз болып тұрған жоқ.

Ұлттық банктің ендігі қадамы қандай болуы мүмкін. Ақша-несие саясатындағы «арсеналынан» қандай құралды қолдана алады?

Негізгі теңгенің құнсыздануына тек Ұлттық банк қана жауапты болмау керек. Өйткені бюджет үшін жауапкершілікті Үкімет тартады, және Ұлттық қордың трансферттері туралы шешімді Үкімет қабылдайды. Сондықтан бір жағынан Ұлттық банк инфляцияны шектеуіне жауапты болғанымен, Ұлттық қордың шығындарын қайта-қайта бюджетке арналған трансферт алу арқылы ұлғайтып жатқан Үкіметтің шешімдері.

Кейінгі екі айда базалық мөлшерлеме 14,25 пайыз деңгейінде болып келді. Меніңше, Ұлттық банк ертең ставканы көтереді. Себебі инфляцияның өсуіне жағдай туындап тұр. Ақша-несие саясатының тілімен айтқанда, инфляциялық күту бар. Теңге құнсызданғанда бар импорт өседі, инфляцияның өсуіне жол ашады.

Еске салайық, ертең - Ұлттық банк базалық мөлшерлеме туралы кезекті шешімін жариялайтын күн.

 

Серіктес жаңалықтары