Ұлттық ұланның 3 мың сарбазы тасқын аймағында көмектесіп жүр
Ұлттық ұланның 3 мыңнан астам әскери қызметшісі қосымша күш ретінде су тасқыны болып жатқан Қазақстанның батысы мен солтүстігінде белсенді көмек көрсетіп жатыр. Бүгінде табиғи апаттың салдарынан еліміздің көптеген аймағы су астында қалды және жергілікті халыққа қауіп төніп тұр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Қазіргі сәтте қауіпті аймақтардан адамдарды уақытылы эвакуациялау және су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету басты міндет болып қала береді.
Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында су басу қаупі өте жоғары. Алайда, үлкен апаттың алдын алу үшін ұландықтар барын салып жатыр.
Олар су басқан аудандардың тұрғындарын эвакуациялаумен белсенді шұғылданып, тұрғын алаптарда құм салынған қаптардан бөгет тұрғызып жатыр.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінен тұрғындарды эвакуациялау барысында Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Мәулен Марленов су ортасында қалған адамдарды дер кезінде құтқарды.
Ол су тасқынының ортасында тұрып қалған жүк көлігінен 30 адамды шығарып, қауіпсіз аймаққа эвакуациялады.
Жалпы, Ұлттық ұлан жауынгерлері Қазақстандағы су тасқынына қарсы іс — шаралардың алғашқы күндерінен бастап көмекке жұмылдырылды.
Жалпы алғанда 3 мыңнан астам офицер мен сержанттар, курсанттар мен сарбаздар халық арасынан табылды.
Ұландықтар табиғи апат аймақтарынан азаматтарды эвакуациялауға белсенді қатысып жатыр.
Білгіленген нүктелерге гуманитарлық көмек жеткізеді, тонауға жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлерімен бірлесіп құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді, су тасқынымен қамтылған көшелерді патрульдейді, жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізеді, су арнасын бұруды және каналдарды тазартуды жүзеге асырады.
Орал қаласындағы Ұлттық ұланның жергілікті полкіне 300 адамнан тұратын Шымкент жедел бригадасының жеке құрамы және Қызылордадан 200 сарбаз көмекке келді.
Келген құқықтық тәртіп сақшылары жағалауды нығайту жұмыстарына білек сыбана кірісті.
Юннатов, Зачаганск, Старички аудандарында, сондай-ақ Круглозерный кентінде құм толтырылған қапшықтарды дайындауға және жағалауға төсеуге көмектеседі.
Сондай-ақ қала ішінде патрульдік-бекеттік қызмет атқарады.
Атырау облысында да су тасқыны жағдайы күрделі болып тұр.
5546 әскери бөлімінің 120-дан астам сарбазы полиция қызметкерлерімен бірлесіп Құлсары қаласының көшелерінде иесіз үйлердегі дүние-мүлікті тонауға жол бермеу бойынша қызмет атқарып жүр, сондай-ақ жеке құрамның бір бөлігі гуманитарлық жүкті түсіруге және жағалауды нығайту жұмыстарына тартылды.
Оларға Қарағанды қаласында орналасқан 5451 әскери бөлімінен 500 жауынгер көмекке келді.
Ақтөбе мен Қостанайда су тасқынына қарсы іс — шаралар мен қоғамдық тәртіпті қорғау үшін жеке құрамды тарту жалғасуда.
Жергілікті 6655 және 6697 әскери бөлімдерІ осы мақсаттар үшін 400-ден астам әскери қызметші бөлді.
Қазақстанның солтүстік өңіріндегі жағдай да — ең өзекті мәселенің бірі.
Петропавлға құқықтық тәртіп әскері академиясының 400 курсантына және жергілікті Ұлттық ұлан полкінің 200 сарбазына көмекке астаналық сарбаздар келді.
Олар тонауға жол бермеу үшін Солтүстік Қазақстан облысының су басқан елді мекендерінің көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтауға кірісті.
Су тасқыны басталғаннан бері Ұлттық ұланның 3000-нан астам жауынгері, 125 әуе және автомобиль техникасы іске араласты.
1644 адам эвакуацияланды, инертті материалдары бар 462 мың қапшық дайындалып, тиісті жерлерге төселді және 110 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.