Ұлы Жеңіске – 80 жыл: ұмытылмас ерлік, мәңгілік тағзым

8 мамыр 2025 20:55 / Новости Казахстана

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл — тек күнтізбедегі дата емес, ұлт жадына мәңгі жазылған тарихи белес. Соғыс өрті шарпыған 1941–1945 жылдар — қазақ халқы үшін де ұрпақ жадынан өшпейтін сын сағаты болды.

Қазақстаннан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанды. Олардың арасында қатардағы жауынгерлер де, командирлер де, әскери дәрігерлер де, байланысшылар да болды. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова сынды батырларымыздың есімі тек Қазақстан емес, күллі ТМД аумағына белгілі. Жүздеген қазақ жауынгерлері Кеңес Одағының Батыры атағын алды, мыңдаған сарбаз майдан даласында көз жұмды.

Соғыс жылдарында Қазақстан тыл тірегіне айналды. Республика аумағына 200-ден астам зауыт көшірілді, миллиондаған тонна азық-түлік пен оқ-дәрі жөнелтілді. Әйелдер, қарттар, жасөспірімдер күндіз-түні еңбек етіп, майданға көмектесті. Әрбір отбасы сол ауыр жылдардың салмағын сезінді.

Мемлекет бұл тарихи шындықты ұмытпай, ұрпақ жадында жаңғырту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күніне арналған бірқатар шараларда сөз сөйлеп, соғыс ардагерлеріне ерекше құрмет көрсету — мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын. Ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жастарға патриоттық тәрбие беру саясаты жүргізілуде.

Биыл елімізде Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру, естелік кештер, мұражай көрмелері мен арнайы жобалар ұйымдастырылып жатыр. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген қағида бүгінде нақты іспен дәлелденіп келеді.

Ұлы Жеңіс — тек өткеннің емес, болашақтың да бағдары. Ол бізге бейбіт өмірдің, татулық пен тұрақтылықтың қадірін түсінуді үйретеді. Ардагерлер аманат еткен ел мен жерді көздің қарашығындай сақтау — бүгінгі ұрпақтың ең басты міндеті.

Сол ұмытылмауға тиіс есімдердің бірі — Құдайберген Күнтуған. Жамбыл облысының тұрғыны Сейтжан Бөлегенов жыл сайын 9 мамыр күні көкесін еске алады. Көкесі 1941 жылдың тамызында соғысқа аттанып, қайта оралмаған. Сейтжан ақсақалдың өзі соғыстан кейін туған, көкесінің жүзін көрмеген. Бірақ өмір бойы анасының көз жасын, көкейде қалған сағынышын көріп өскен.

«Ол хат жаза алмайды екен. Анам айтушы еді: хатты оның досы жазып тұрыпты. Соңғы хатта олар бір шайқастан қайтып, келесі ұрысқа дайындалып жатқанын жазған. Содан кейін мүлдем үнсіз қалды», — дейді Сейтжан ата көзіне жас алып.

Құдайберген секілді мыңдаған боздақ әлі күнге дейін «хабарсыз кеткендер» қатарында. Бірақ олардың әрқайсысының артында сағынышқа толы тағдыр, үнсіз естелік жатыр. Жеңістің 80 жылдығы — сол үнсіз естеліктерге тағзым ететін жыл.

Миллиондаған адамның өмірін жалмаған бұл алапат қақтығыс — адамзат үшін ең ауыр сабақтардың бірі. Қоғам белсендесі Қайрат Дәуітқұлов жер бетінің тұрғыны, гуманист ретінде кез келген соғыстың түп негізінде саяси мүдде жатқанын жақсы түсінетінін айтады.

«Екінші дүниежүзілік соғыс — адамзат тарихындағы ең қасіретті, ең жойқын соғыстардың бірі. Бұл соғыс тек тарих беттерінде ғана емес, елдердің, ұлттардың, тұтас ұрпақтардың тағдырына жазылып қалды. Миллиондаған адам өмірінен айырылды, отбасылар ойрандалып, өркениет кері кетті. Бұл – бүкіл адамзат үшін орны толмас трагедия.

Мен бұл соғысқа тек ресми тұрғыдан емес, ең алдымен адамзаттың өкілі, жер планетасының тұрғыны, гуманист ретінде қараймын. Иә, Кеңес халқының жанқияр ерлігі, тылдағы еңбек, Отан алдындағы адалдық — бәрі құрметке лайық. Бұл — талассыз шындық, оны ұмытпау — біздің парызымыз.

Алайда кез келген соғыс — саясаткерлер мен билік басындағылардың өзара мүддесі үшін туындайтын қақтығыс. Территория, ресурстар, ықпал үшін күрестің салдары халықтың иығына түседі. Бірін-бірі мүлде танымайтын адамдар қолына қару алып, бір-біріне оқ атады. Бұл — ең ауыр әрі әділетсіз жағдай.

Мен ешбір соғысты ақтай алмаймын. Олардың ешқайсысын “ерекше” немесе “қасиетті” деп бөле алмаймын. Менің адамгершілік сенімім, өмірлік ұстанымым бұған жол бермейді», - дейді Қайрат Дәуітқұлов.

Соғыс туралы айтқанда, Қайрат Дәутқұлов тек тарихи фактілерге емес, оның адамзатқа әкелген салмағына, қарапайым халықтың шеккен зардабына назар аударады.

«Біз бұл соғысты Кеңес саясатындағы атауы бойынша «Ұлы Отан соғысы» деп атаймыз. Иә, бұл соғыс қазақ халқына да орасан қайғы-қасірет алып келді. Әрбір отбасының жүрегінде жара қалды. Бұл — бірнеше саясаткердің арасындағы идеологиялық текетірестен басталған қантөгіс еді. Ал сол соғыстың салдарын миллиондаған бейбіт тұрғын көтерді. Қаншама отбасы әкесінен айырылды, аналар көз жасын көл етті, балалар жетім қалды.

Сондықтан мен үшін бұл Жеңіс күні – мерекеден гөрі, ойлану, аза тұту, тағзым ету күні. Бұл — соғыстың шындығын, қасіретін ұғынуға арналатын күн.

Бірақ мен Отанды қорғаған батырларға, аталарымызға, аналарымызға, ардагерлерге тағзым етемін. Менің өз әулетімнен төрт адам соғысқа қатысқан. Екеуі майданда қаза тапты, бірі хабарсыз кетті. Бір атам — Даңқ орденінің толық иегері, Берлинге дейін барған. Үлкен жеңгемнің әкесі — Бауыржан Момышұлының қарамағындағы барлау бөлімінде қызмет еткен. Ал әкемнің досы – Совет Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов болатын. Бұл кісілердің аузынан талай әңгіме естіп өстім. Сондықтан соғыстың шынайы бет-бейнесін жақсы білемін.

Болашақта біз өркениетті ел болғымыз келсе, соғысқа жол бермейтін сана қалыптастыруымыз керек. Бірнеше саясаткердің сөзіне ере беріп, бірін-бірі танымайтын адамдардың балалары бір-біріне қару көтермеуі тиіс. Біз – бір Жердің баласымыз. Жер-Ананы, ортақ үйімізді қорғау – бәріміздің парызымыз.

Мен адамдардың бір-бірін жау емес, дос ретінде қабылдап, аналар жыламайтын, балалар жетім қалмайтын әлемде өмір сүрсек деп тілеймін. Бұл – менің өмірлік ұстанымым. Мен бейбітшілікті қастерлеймін, – дейді Қайрат Дәутқұлов.

Ұлы Жеңіс туралы естеліктер кей отбасыларда кітаптан емес, үлкендердің әңгімесінен, үнсіз көз жасынан басталады. Соғысқа қатыспаған ұрпақтың бұл күнге деген көзқарасы көбіне сондай естеліктер арқылы қалыптасады.

Алматыда оқып жүрген студент Дінмұхамед Нұрланұлы үшін 9 мамыр — әжесі айтқан әңгімелер арқылы танылған күн. «Біздің отбасымызда көкеміз соғыстан оралмаған. Әжем соны айтқанда көзіне жас алатын. Сондықтан бұл күн — жай датадан гөрі көкейде қалған сезім», — дейді ол.

Жеңістің 80 жылдығы — жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл күн көптеген отбасы үшін жүректе сақталған үнсіз естеліктерді жаңғыртады. Біреулер атасын еске алады, біреулер соғыстан оралмаған туысын еске түсіреді. Біреу үшін бұл күн — мақтаныш, ал біреу үшін — сағыныш пен үнсіз күрсініс.

Майданда шайқасқан да, тылда еңбек еткен де үнсіз ерлік көрсеткендер. Олардың тарихы — ұранмен емес, өмірмен жазылған. Құдайберген Күнтуған сынды хабарсыз кеткен боздақтардың тағдыры бұл тақырыптың қаншалықты жеке әрі жанға жақын екенін көрсетеді. Ардагерлер үшін соғыс — өмірінің шындығы, ал бүгінгі ұрпақ үшін — өткеннен қалған сабақ.

Уақыт өткен сайын тарих та жаңа көзқарасқа ие бола бастайды. Жеңіс туралы ой да, оны қабылдау да әр адамның жүрегінде бөлек орын алады. Бірақ не десек те, бұл соғыстың ізі — әр шаңырақта бар.

Сондықтан 9 мамыр — тек өткенді еске алу емес, бейбіт өмірдің құнын ұғынатын күн. Бұл күн — тарихпен ішкі диалог құратын сәт. Оны есте сақтау — уақыттың емес, саналы ұрпақтың таңдауы.

Автор: Гүлмира Сыздыққызы

Серіктес жаңалықтары