WBO Жәнібек Әлімханұлының титулдан бас тартуын қабыл алды
Дүниежүзілік бокс ұйымы — WBO қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының титулы бойынша ресми мәлімдеме жасады. Бұған дейін ол басқа салмақ дәрежесіне өтетінін мәлімдеген еді, деп хабарлайды Arbat.Media.
WBO әлеуметтік желідегі X парақшасында ресми қаулысын жариялады. Ұйым Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартқанын растады. Осыған байланысты уақытша чемпион болған Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне көтерілді. «Дензел Бентли WBO-ның орта салмақтағы уақытша чемпионы мәртебесінен ресми түрде толыққанды әлем чемпионы дәрежесіне көтеріледі және бұл мәртебеге тиесілі барлық құқықтарға, артықшылықтарға, міндеттер мен өкілеттіктерге ие болады» деп жазылған ұйымның чемпиондық комитеті шешімінде.
Сондай-ақ қазақстандық боксшы тарапынан жаңа салмақ дәрежесіне ауысатыны туралы ресми хабарлама биылғы жылдың 13 шілдесінде жолданғаны белгілі болды.