Жетісу облысында заңсыз медициналық қызмет көрсету фактісі анықталды

22 қараша 2025 13:40 / Новости Казахстана

Жетісу облысында тиісті сертификаттарсыз және лицензиясыз медициналық қызмет көрсету фактісі анықталды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы ақпарат таратты. Құқықбұзушылық денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық қызмет көрсету саласындағы заңдылықтың сақталуына қатысты жүргізілген тексеру кезінде анықталған.

«Қаратал аудандық прокуратураның қадағалау актілері бойынша ӘҚБтК-нің 424-баптың 1-бөлігі, 426-баптың 1-бөлігі және 464-баптың 1-бөлігі бойынша 20 адам жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 3 басшыға - орталық аудандық аурухананың бас дәрігері және оның орынбасарларына 4 049 960 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», - делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар тексеру барысында 4 ауылдық аурухана басшысы медицина қызметкерлерінің халықты вакцинациялау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылып, 157 280 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.

Нәтижесінде 148 адамның, оның ішінде 100-ден астам кәмелетке толмаған баланың құқығы қорғалып, қадағалау актісі бойынша бюджетке 12,8 млн теңге қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары