Жезқазғанда 90 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды
Жезқазған қаласының аумағында ауыл шаруашылығына жарамды болғанына қарамастан пайдаланылмай жатқан 90 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Жезқазғанда пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 2014 жылы аумағы 90 747 гектар болатын жер телімі «Өсімтал» ЖШС-не ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген. Алайда, серіктестік берілген жерді мақсатына сай пайдаланбаған. Осының ескерген Жезқазған қаласының жер қатынастары бөлімі 2023 жылы сотқа талап арыз түсірген. Ал биыл аталған телім мемлекет меншігіне қайтарылды», - делінген әкімдік мәліметінде.
Әкімдіктегілер былтыр қала аумағына кіретін 4 000 гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтады.