“Жүргізуші көз жұмды”: БҚО-да жантүршігерлік жол апаты болды

24 маусым 2025 15:05 / Новости Казахстана

Батыс Қазақстан облысының Сайхин станциясындағы теміржол өткелінде ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жүк пойызын сүйреген тепловоз бен жүк көлігі соқтығысып, салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Arbat.Media. 

Қазақстан темір жолы компаниясының мәліметінше, апат шекаралық аймақта – Қазақстан мен Ресей аралығында, сағат 13:30 шамасында болған. Соқтығысқаннан кейін тепловоздан өрт шыққан.

БҚО полиция департаменті оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы 2-бөлігі (теміржол көлігін пайдалану ережесін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша қылмыстық іс қозғағанын растады.

Полицияның мәліметінше, 67 жастағы «Шахман» жүк көлігінің жүргізушісі теміржол өткелінде келе жатқан пойызды өткізіп жібермей, тепловозбен соқтығысқан. Жүргізуші оқиға орнында қаза тапты.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары басталды.

Серіктес жаңалықтары