7 жасар Амир Айдарханов әлем чемпионатының алтын жүлдесін иеленді

18 қараша 2024 11:23 / Sport
Фото: Айбек Құттыбай

Талдықорған қаласының 2 сынып оқушысы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өткен әлем чемпионатынан алтын алды. Жекпе-жектің джиу-джитсу түрінен жарысқа қатысқан жетісулық 9 спортшының 8-і елге жүлдемен оралды. Қарашаның 3-9 аралығында Араб әмірлігінде өткен Abu Dhabi WORLD JIU-JITSU CHAMPIONSHIP 2024 турниріне Жетісудан 9 жас спортшы барған. Жүлде алғандардың арасында ең кішісі – Амир Айдарханов, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ол Талдықорған қаласындағы Н.Островскй атындағы N 8 орта мектепте оқиды., - деп жазады Kazinform агенттігі.

2 сынып оқушысының джиу-джитсудың не-ваза түрімен шұғылданғанына 2 жылдай болған. Осы аралықта қалалық, республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанып үлгерген.

«Амир – үйдің кішісі. Спортқа бергеніме көп болған жоқ. Нәтижесі жақсы. Сабағын да жақсы оқиды. Алғашында жарысқа барғанда қобалжитын. Қазір үйренді. Керісінше ұлым кілемге шыққанда менің қол-аяғым дірілдеп, қатты толқимын. Чемпион атанғандағы қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Жаттықтырушысына алғыс айтамын. Өте ризамыз», - деді әкесі Айдын Айдарханов.

7 жасар Амир әлем чемпионатында 26 келі салмақта өнер көрсеткен. Жас ерекшелігіне қарай 2 жекпе- жек өткізіп, чемпион атанған.

«Талдықорғаннан 9 бала апарғанбыз. Әлем чемпионатынан 5 алтын, 1 күміс, 2 қоламен 8 шәкіртіміз жүлделі қайтты. Турнир 4-18 жас аралығында өтті. Амирдің қарсыластары өте мықты болды. Айтқан ақыл-кеңестерімізді тыңдап, сәтті орындап шықты», - дейді жаттырушы Диас Ешмұхамедов.

Әлемнің 50-ге жуық елінен 9 500 спортшы қатысқан халықаралық турнирде Қазақстан құрама командасы жалпыкомандалық есепте 1-орынға қол жеткізді.

 

Серіктес жаңалықтары