Астанада күрес түрлерінен ел біріншілігінің ашылу салтанаты өтті
Астана қаласында 1-5 ақпан аралығында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасы чемпионатының салтанатты ашылуы рәсімі өтті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.
Ашылу салтанатына КСРО және Қазақстанның Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, UWW біріккен күрес әлемінің бюро мүшесі, Азия күрес федерациясы және ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Болатұлы Тұрлыханов қатысып спортшыларға сәттілік тіледі.
Аталған ел біріншілігіне еліміздің 20 өңірінен 600-ден астам күрес шеберлері қатысуда.
Бүгін грек-рим күресінен бес салмақ санатында 55, 63, 72, 82 және 97 келі кілең мықтылар анықталады.
Ел біріншілігі даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында жалауын желбіретті.
Осы біріншілікте топ жарған балуандар Бішкекте (Қырғызстан) өтетін Азия аймақтық, Ыстанбұлда (Түркия) өтетін әлемдік іріктеу турнирінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болады.