«Барыс» командасының бас бапкері қызметінен кетті
Ресейлік Евгений Королев «Барыс» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы қызметіне тағайындалды. Ал канадалық маман Дэвид Немировски қызметінен шеттетілді. Құрлықтық хоккей лигасы жаңа маусымының басында елордалық клуб нашар нәтиже көрсетті. Осыған байланысты «Барыстың» бас бапкері міндетін атқарушы болып Евгений Королев тағайындалды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ол дәл қазір өтіп жатқан астаналық команданың мәскеулік «Динамо» (Ресей) арасындағы матчта өз қызметіне кірісті, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Ал бас бапкер Дэвид Немировски қызметінен шеттетілді. Канадалық маманмен жасалған келісім-шарт бір жылға есептелген еді.
Екі жылдан бері елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасында плей-офф сатысына шыға алған жоқ.
Былтыр командада Андрей Скабелка, Ғалым Мәмбетәлиев, Олег Болякин бас бапкер қызметін атқарды.
Дэвид Немировски Құрлықтық хоккей лигасында 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Алдымен «Адмиралда» спорттық директор қызметін атқарғаннан кейін төрт жыл бойы «Торпедо» командасын жаттықтырып, үш мәрте Гагарин кубогы плей-офф кезеңіне шықты.
Өткен маусымда маман Новосібірдің «Сибирь» командасының бас бапкері болды.