ЕУРО-2024: Англия алғашқы ойынында Сербиядан басым түсті

17 маусым 2024 3:43 / Sport

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының үшінші ойын күнін C тобындағы Сербия және Англия құрамалары түйіндеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Әлем футболына есімі жақсы таныс футболшылар жиналған Англия құрамасы биыл бас жүлдеден үміткер ретінде саналады, - деп жазады Kazinform агенттігі. 

Олар бұдан бұрынғы құрлықтық додада финалға дейін жетіп, Италия құрамасына есе жіберіп қойған еді. Сол олқылықтың орнын биыл толтыра алама ма?

Алғашқы минуттан Сербия қақпасына лап қойған англиялық футболшылар жылдам гол соғып үлгерді. Жас екеніне қарамастан жанкүйер қауымына жақсы танымал Джуд Беллингем 13-минутта Англия құрамасын алға шығарды.

Одан кейін қос құраманың гол соғатын мүмкіндігі аз болған жоқ. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.

Екінші кезеңде сербиялық футболшылар шабуылды күшейтті. Англия құрамасы қорғаныс шебінде сауатты ойнай білді.

Кездесуде англиялық футболшылар 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетсек, енді D тобында 17 маусымда Австрия мен Франция құрамалары өзара шеберлік байқасады.

Сондай-ақ, бұл күні E тобында Румыния мен Украина, Бельгия мен Словакия ойнайды.

Серіктес жаңалықтары