Лицензиялық турнир: Мұхамедсабыр алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Таиландының Бангкок қаласында өтетін бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінің екінші жарыс күнінде, 26 мамырда Мұхамедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) қарсыласын жеңді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қазақстандық былғары қолғап шебері 1/32 финалда филиппиндік Кристиан Питт Лорентпен кездесті, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Кристиан Питт Лорент 2018 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Сондай-ақ, көптеген турнирлерде жеңімпаз болды. Кәсіпқой бокста да сынға түсіп жүр.Жекпе-жек барысында ол қарсыласынан басымдығын байқатты. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшының жеңісіне қолдау білдірді.
Мұхамедсабыр Таиландта өтетін турнирге Астанадағы іріктеу жарысында жолдаманы жеңіп алды. Жарыс барысында ол Ертуған Зейнулинов, Жандос Қыдыралиев және Дулат Бекбауов секілді қарсыластарын қапы қалдырды.