Михаил Кукушкин Испанияда финалға шықты

3 наурыз 2024 2:56 / Sport

Қазақстандық, әлемнің 165-ракеткасы, 36 жастағы Михаил Кукушкин Тенерифе (Испания) челленджер турнирінің финалына жолдама алды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық спортшы жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 399-орындағы испаниялық, 18 жастағы Мартин Ландалусемен сынға түсті.

Бірінші партияда корт иесі ширақтық танытты – 6:2.

Екіншісінде М.Кукушкин есе қайырды – 6:2.

Үшінші, шешуші сетте есеп 5:4 болып, қазақстандық теннисші матчқа доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады – 5:5. Дегенмен тай-брейкте шеберлігінің басым екендігін дәлелдеді – 7:6 (7:4).

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында М.Кукушкин 1 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. М.Ландалусе 5 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Михаил Кукушкин финалда әлемнің 156-ракеткасы, италиялық Маттео Гигантемен чемпиондық атақ үшін таласады. Ол жартылай финалда рейтингіде 181-сатыдағы қытайлық Бу Юньчаокэтэні қапы қалдырды – 1:6, 7:6 (7:0), 7:6 (9:7).

Бұған дейін Манама (Бахрейн) челленджер додасында чемпион атанған М.Кукушкин осымен қатарынан 11 матчын жеңіспен аяқтап отыр.

 

 

Серіктес жаңалықтары