Қазақстандық шахматшы Ксения Балабаева әлем чемпионы атанды

16 қазан 2023 16:58 / Sport

Италияда шахматтан 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионатында Ксения Балабаева блицтен чемпион атанды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ал Әмина Қайырбекова күміс жүлдеге ие болды. Қазақстандық қос шахматшы 8,5 ұпайдан жинап, жарысты тең аяқтады. Тек қосымша көрсеткіштер бойынша Ксения басымдыққа ие болып, алтыннан алқа тақты. Бірнеше күн бұрын рапидте чемпион болған Говхар Бейдуллаева (Әзербайжан) бұл жолы 7,5 балмен қоланы қанағат тұтты. Тағы бір шахматшымыз Лия Құрманғалиева жүлдеге бір қадам жетпей тоқтаса (7 балл), Зейнеп Сұлтанбек 6-шы (6,5 балл), Назерке Нұрғали 7-орынға (6,5 балл) табан тіреді.

Блицтен ерлер арасында әзербайжандық Магомед Мурадли қарсылас шақ келтірген жоқ. Ол мүмкін болған 11 ұпайдың 9,5-ін жинады. Күміс бұдан бұрын рапидте топ жарған үндістандық Раунак Садхванидің еншісінде. Ұлттық құрама гроссмейстері Арыстан Исанжулов шешуші турда Арсений Нестеровпен тең ойнап, үздік үштікті түйіндеді. Тағы бір шахматшымыз Әбілмансұр Әбділқайыр жалпы есепте 39 ойыншының ішінде 15-сатыға тұрақтады.

Автор
Серіктес жаңалықтары