Швеция Қысқы Олимпиада-2030 өткізуге өтінім беруді мақұлдады
Швеция үкіметі 2030 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге өтінім беру бойынша елдің олимпиада комитетінің (SOK) бастамасына қолдау білдірді, - деп хабарлайды Arbat.media SOK сайтына сілтеме жасап.
Биылғы ақпан айында Швеция 2030 жылғы ақ Олимпиаданы ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы мәлім етілген еді. Дүниежүзілік доданы елдің Стокгольм, Фалун, Оре, Идре және Эстерсунд қалалары қабылдай алады. Жарысты өткізуге мүмкіндіктің бар-жоғына алдын ала зерттеу маусым айында аяқталып, өтінім беру жобасы екінші кезеңге өтті.
Швеция Үкіметі өтінім беру үшін SOK-қа қажетті қолдау мен қаржылай кепілдік уәде етті.
Швеция бұдан бұрын 2026 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер елдердің бірі болды. Алайда Халықаралық олимпиада комитетінде өткен дауыс беру нәтижесі бойынша бұл мүмкіндікке Италия қол жеткізді.
Халықаралық Олимпиада комитеті 2030 және 2034 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары өтетін мемлекетті 2024 жылы анықтайтын болады.