Жасөспірімдердің IV қысқы Олимпиадасына Қазақстаннан қанша адам барады

21 желтоқсан 2023 20:33 / Sport

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті 2024 жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында өтетін жасөспірімдердің IV қысқы Олимпиадасына ел құрамасы қанша жолдама алғанын жариялады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Аталған комитет атап өткендей, қазақстандық спортшылар жарысқа қарқынды дайындалып жатыр.

«Қазіргі таңда Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қоржынында биатлон, конькимен жүгіру, шорт-трек, керлинг, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайл, параллель могул түрінен 30 жолдама бар», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жолдама саны әлі де толығуы мүмкін екенін де атап өткен. Себебі, жасөспірімдер Олимпиадасына лицензия беретін жарыстар әлі аяқталмаған.

Айта кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты 2024 жылдың 19 қаңтарында Каннындағы Gangneuung Oval спорт кешенінде өтсе, Ойындардың жабылу салтанаты 2024 жылдың 1 ақпанында Gangneung Olympic Park спорт кешенінде ұйымдастырылады, деп жоспарланған.

Ал жалпы аталған Олимпиадаға жер-жаһанның 70 елінен келетін 1800 (950 ұл, 950 қыз) спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттың 7 түрінен 15 дисциплина бойынша 81 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Жасөспірімдер Олимпиадасы осымен төртінші рет өткелі отыр.

Серіктес жаңалықтары