1 қыркүйектен бастап оқушылар мен студенттер қаржылық сауат бойынша білім алады

16 шілде 2024 22:37 / Новости Казахстана

Қазақстандықтардың қаржылық сауатын арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасып жатыр. Елордада мектептердің мұғалімдері және колледждер мен университеттердің оқытушылары біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттер де қаржылық сауат бойынша білім алады, - деп хабарлайды Arbat.media.

AMANAT партиясының хабарлауынша, жұмыс істейтін 10 млн қазақстандықтың 9 миллионында несие бар, ал тізілімдегі борышкерлердің жалпы саны 3,4 млн адамды құрайды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Тұтынушылық несиелердің жалпы көлемі 5 трлн теңгеге өсіп, 2023 жылы 18,2 трлн теңгеге жетті. Бұл елдің жылдық бюджетінің 75%-ын құрайды. Сарапшылардың бағалауынша, елдегі студенттердің 80%-ында несие бар.

Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, халықты несиелендіру мәселесін жүйелі түрде шешу үшін білім беру мекемелерінің бағдарламасын қайта қарау керек.

«Өздеріңіз білетіндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қарызсыз қоғам» жобасын қолдап, оның ауқымын жалпыхалықтық деңгейге шығаруды тапсырды. Бұл жұмысқа Үкімет пен Ұлттық банк қосылды. «Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Барлық аймақтағы азаматтар бұл жобаға қолдау білдіріп, оны жалғастыруды сұрап отыр», - деді Э. Жұмағазиев.

Партия хатшысы 2024 жылы барлығы 100 мың студент пен 450 мың оқушы қаржылық сауаттан білім алатынын атап өтті. Оған қосымша 200 мың азамат оқу курстарынан өтеді. Осылайша, жоба биыл 750 мың адамды қамтиды.

Сонымен бірге қазір оқушылар «Жаһандық құзыреттілік» пәні арқылы қаржы саласы туралы жаңа білім алуда. Өкінішке қарай ол ата-аналар қауымдастығының, сарапшылардың және мектеп оқушыларының жиі сынына ұшырап келеді.

Мәселені терең зерттеу үшін сәуір айында арнайы сауалнама жүргізілді. Зерттеуге «Жаһандық құзыреттілік» пәні бойынша қаржылық сауаттан сабақ беретін педагогтер, оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты. Респонденттердің жалпы саны 500 мыңнан асты.

«Әрбір бесінші оқушы «Жаһандық құзыреттілік» сабағы қызықтырмайтынын айтты. Оның бірнеше себебі бар: пән кестеде 7 немесе 8-сабақ ретінде тұр, тақырыптар мүлдем қызықсыз, ал интернеттегі материал керісінше қызықты. Оның үстіне осы пән бойынша сабақ беретін мұғалімдер жоқ. Сабақты тарих, көркем еңбек, дене шынықтыру және қазақ тілі мұғалімдері жүргізеді. Соған қарамастан, сауалнамаға қатысқан оқушылардың 60%-ы қаржылық сауаттың маңызын атап өткен. Ата-аналар да олармен келіседі. Респонденттердің 78%-ы балалары қаржылық сауатты зерттеуге ниетті екенін жеткізген», - деді Эльдар Жұмағазиев.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда Halyk Bank-тың қолдауымен қанатқақты режимде бастау алды. Кейін жобаға тағы 11 банк қосылды. Сарапшылар дәрістерінен басқа, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу, соттан тыс банкроттық жариялау, жеке кәсіпкерлік ашу, берешекті өтеу кестесін жасау бойынша кеңес алады. Сондай-ақ оқу процесінде қатысушыларға адвокаттардың көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несиелік тарихын жеке зерттейді және қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша практикалық кеңестер береді.

Курсқа жазылу үшін qogamfin.kz сайтындағы нысанды толтыру қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.

Серіктес жаңалықтары