2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 26,5 млн болады

14 шілде 2024 3:24 / Новости Казахстана

Шамамен 10,3 млрд адам. БҰҰ жаңа болжамы бойынша 2080 жылдардың ортасына қарай Жер халқының саны осынша болады. Ал 2100 жылға қарай бұл көрсеткіш 10,2 млрд-қа дейін төмендейді. Бірінші кредит бюросы БҰҰ баяндамасына талдау жасай отырып, кей мемлекеттерде халық саны 2024 жылға қарай ең жоғары деңгейге жеткенін, алайда осыдан бастап ондағы адам саны біртіндеп азаятынын айтады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ондай елдердің ішінде мысалы, көршілеріміз Ресей мен Қытай бар, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Бұл үрдіс туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты. Көші-қонсыз халықтың тұрақты санын ұстап тұру үшін бір әйелге шаққандағы туу көрсеткіші 2,1-ден төмен болмауы керек, ал әлем елдері мен аймақтарының шамамен 20 пайызында бұл меже қазір — бір әйелге 1,4-тен төмен.

Дегенмен Қазақстанда дәл осы коэффициент қазір 3-ке жақын, ал болашақта халық саны тек көбейе береді.

БҰҰ медиандық бағалауы бойынша қазақстандықтардың саны 2050 жылға қарай — шамамен 26,5 млн, 2100 жылға қарай — 33,7 млн болады.

Қазір, 2024 жылы БҰҰ есептегендей, бізде өмір сүру ұзақтығы — 74,5 жыл, бұл жаһандық деңгейден жоғары (73,3 жас).

Жалпы, бұл көрсеткіш бізде де, әлемде де өсіп жатыр: мысалы 30 жыл бұрын ол — 64,1 жас, жаһандық деңгейде — 64,3 жас болатын.

Жасы келіп қартайып өмірден өтетіндердің саны көбейді.

1995 жылы дүние жүзіндегі өлім-жітімнің тек 17 пайызы 80 жастан асқан қарттарға тиесілі еді.

2024 жылы бұл үлес 29% жетті, ал 2050 жылдардың аяғында 50%-дан асады.

Серіктес жаңалықтары