Айдос Садықовты атты деген күдікті Қазақстан полициясында жұмыс істемейді

21 маусым 2024 12:25 / Новости Казахстана

Украина астанасында қастандыққа тап болған қазақстандық журналист Айдос Садықовты өлтіруі мүмкін күдіктілердің есімі аталды. Осыған орай Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Еске сала кетейік, 18 маусымда Киевте тұратын журналист Айдос Садықовты үйінің жанында көліктің ішінде әлдебіреулер атып кеткен болатын, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Ол қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр.

Әйелі Наталья Садықованың айтуынша, украин полициясы осы қылмысқа қатысы бар адамдарды тапқан.

Олар — 33 жастағы Мейрам Қаратаев пен 36 жастағы Алтай Жақанбаев. Екеуі 2 маусымда Киевке келіп, пәтер жалдап тұрған.

Айтуынша, Мейрам Қаратаев — Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкері.

Дегенмен бүгін ІІМ бұл ақпаратты жоққа шығарды.

— Азамат М.Қаратаевқа қатысты оның 2019 жылдың қаңтар айында ішкі істер органдарынан босатылғанын және қазіргі уақытта полиция қызметкері емес екенін хабарлаймыз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасымен істің бүкіл мән-жайын анықтау үшін тиісті жедел іс-шаралар жүргізіп жатырмыз, — дейді ведомстводан.

Осы жұмыстың нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте жасалған қастандық жайында пікір білдірген еді.

— Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұрату жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, — деді Президент.

Президент кеңесшісі Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстанды айыптау кейбір күштерге тиімді.

Серіктес жаңалықтары