Әйел екі баласымен иіс тиіп көз жұмды

31 қазан 2023 19:20 / Новости Казахстана

Қостанай облысындағы ауылдардың бірінде анасы мен екі баласы иіс тиіп көз жұмды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап жарияланды. 

«30 қазан күні Федоров ауданы, Қоржынкөл ауылдық округіне қарасты Лесное ауылындағы жекеменшік үйде қатты отынмен жанатын пешті қолдану кезінде 48 жастағы үй иесі ыстан уланып, аудан ауруханасына жеткізілді. 39 жастағы әйел, 10 және 15 жастағы балалары оқиға орнында көз жұмды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Алдын ала болжам бойынша, адам өліміне пештің сыртқы бөлігіндегі сыланбаған саңылаулар мен шойын тақтадағы жарықтардан ыстың үйге таралуы себеп болды.

Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауын және қауіп төнген жағдайда 112 нөміріне хабарласуын сұрайды.

Серіктес жаңалықтары