Әлемдік пән олимпиада жеңімпаздары 5 млн теңгеден алды

27 қазан 2023 23:00 / Новости Казахстана

Жыл басынан бері 23 қазақстандық оқушы әлемдегі ең беделді жеті олимпиадада 2 алтын, 11 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Қатарында IMO, IphO, IChO, IBO, IGеO, IOI және IOL пәндік олимпиадалары бар.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев олимпиада жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтермен кездесті.

Физика пәнінен халықаралық олимпиаданың (IPhO) күміс жүлдегері, Алматы қаласындағы №165 мамандандырылған лицей оқушысы Марғұлан Нұрсағатов тәлімгерлеріне өз алғысын білдірді.

Оқу-ағарту министрі жеңімпаздарды жетістіктерімен құттықтап, халықаралық олимпиадаларда жүлдегер болған қазақстандық оқушыларды қолдау шараларына тоқталды.

«Бірінші кезекте сіздерді жеңістеріңізбен құттықтасам деймін. Сіздер еліміздің көк туын әлемдік аренада жоғары көтеріп, математика, физика, химия, биология, география, информатика сияқты іргелі ғылымдар бойынша лайықты нәтижелерге қол жеткіздіңіздер. Бұл ұстаздардың да орасан зор еңбегі, жетістігі деп білемін. Мемлекет дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Өткен жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы төленуде. Биыл әлемдегі ең беделді 7 олимпиадада жүлдегер атанған 23 оқушыға 65,5 млн теңге, ал 20 педагогке 6 млн теңгеге жуық ақшалай сыйақы берілді. Бұл шаралар, ең алдымен, олимпиадашылардың беделін арттыруға және отандық ғылымның болашақ жұлдыздарын қалыптастыруға бағытталған», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

 

Серіктес жаңалықтары