Әлихан Смайылов ауруханаға барып, зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрады

28 қазан 2023 17:36 / Новости Казахстана

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов ауруханаға барып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған өрт салдарынан зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі жариялады. 

Қазіргі уақытта Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шеккен 20 кенші қажетті ем алуда.

Пациенттер әртүрлі аппараттарды, соның ішінде КТ және УДЗ қолдану, сондай-ақ түрлі сала мамандарын тарту арқылы толық тексерілді.
Олардың көбі газдан уланған, алайда барлығының жағдайы – тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Премьер-министр зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.

«Барлығыңызға тезірек сауығып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызды тілеймін», — деді Әлихан Смайылов.

Кеншілердің бірі қаза тапқан әріптестерінің отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы сұрады.

«Бұл – шынымен де өте ауыр қасірет. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Бүгін Мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді. Толығымен қолдау көрсетеміз: баспана, несиелерді өтеу, балаларды оқыту, біржолғы төлемдер – мұның барлығымен қамтамасыз етеміз», — деді премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары